Түркістан облысы: Арыс қаласының жампозы «Толағай» алыптар сайысында топ жарды

Астана төрінде 6 шілдеде алғаш рет елорданың 25 жылдығына арналған «Толағай» алыптар сайысы өткен болатын. Бес сайыстың қорытындысы бойынша барлық қарсыласынан мықты болған білекті батыр, Арыстың мақтанышы Азамат Мақұлбеков жеңімпаз атанды.

Ұлы Даланың батырларын насихаттауда, қазақтың этно-ойындарын дәріптеу мақсатында өткізілген турнирге еліміздің әр өңірінен білегі тоқпақтай, жауырыны қақпақтай 15 спортшы бақ сынады.

Білекті батырлар сайыстың 5 түрі бойынша сынға түсті. Олар: 1,5 метр темірді мойынға салып майыстыру, салмағы 140 келілік тасты межелі қашықтыққа дейін апару, 100 келіден асатын ауыр бөренені желкеге салып отырып-тұру, жарты тонналық арбаны сүйреу, он келілік найзаны қашықтыққа лақтыру секілді ерекше сайыс түрлері бойынша сайысты.

Осы алпауыттардың алапат сайыстарында ең жоғары ұпай жинаған Түркістан облысындағы Арыс қаласының алып батыры Азамат Мақұлбек жеңімпаз атанып, бірінші орынды жеңіп алды. Оған «Алтын белбеу» мен алтын медаль және 1 миллион теңге тапсырылды. Айта кетейік, Азамат – Түркістан облысында өткен сайыста 3555 рет қошқар көтеріп, әлемдік рекорд жасаған балуан.

Арыс елі батырын қалаға кіреберіс дендросаябақ алдында сый-құрмет көрсетіп, күтіп алды. Алыптар сайысында жасындай жарқылдаған спортшының жеңісіне ортақтасқан дүйім жұртшылық оған ізгі тілектерін жолдады.

Қала әкімінің орынбасары Алмаз Сұлтанов, қалалық мәслихат депутаты Алмаз Шүкірбеков, батырдың ата-анасы мен жақындары және қала тұрғындары балуанның жетістігімен мақтанатындарын айтты.

Бұдан соң спортқа жанашыр бір топ кәсіпкер жеңімпазға ат мінгізіп, құрмет көрсетті.

Иә, елордада осымен екінші рет өткізіліп жатқан көпсайысты «Толағай» алыптар жарысына еліміздің әрбір өңірінен, яғни 17 облысынан және үш қаласынан іріктеліп алынды. Салмағы 90 келіден жоғары қара күш иелері 5 түрлі жарыстың басын біріктірген Powerful Nomad-та бақ сынады. Яғни 100 келілік тасты көтеріп алып, 50 метрлік қашықтықты бағындырды. 100 келілік қаппен отырып тұру, 10 келілік найзаны лақтырды. Сонан соң 130 келілік бөренені иыққа салып отырып-тұрды.

«Бұл спорттың ең жақсысы, денесі мықты, алып күш иелері ауылдық жерлерде, қалалық жерлерде, мүмкін, базарларда жүрген балалар келіп, емін-еркін қатыса бере алады. Мақсат — әлемдік деңгейде «Strongman», «Арнольд классик» деген үлкен жарыстар бар. Соған біздің алып күш, денелі азаматтарымызды қатыстыру» — дейді «Толағай» алыптар сайысының негізін қалаушы Тимур Дәулетбақұлы.

Ал белгілі этнограф, Қазақстанның рекордтар кітабына есімі бірнеше рет енген Жамали Диханұлы дүйім жұртты тағы да таңғалдырды. Ал алматылық Бауыржан Әбдіхайым «серке көтеру» бойынша Қазақстан рекордын жаңартты. Ол 3 сағат бойы 40 келілік қойға тартар жүкпен бірге 4 мың рет отырып-тұрды.

Алыптар сайысында 3-ші орынға 400 мың теңге, 2-ші орынға 600 мың теңге, 1 млн теңге тігілді. Жеңімпаз сондай-ақ қыркүйек айында өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жолдама алды.

Турнир барысында үш бірдей рекорд жаңартылды. Азамат Бектасов салмағы 82 келіні құрайтын гір тасын 26 мәрте көтерді. Ал Бауыржан Әбдіхайым салмағы 40 келіні құрайтын қойдың муляжымен 5 мың мәрте отырып тұрды. Гиннесс рекордын бірнеше мәрте жаңартқан Жамали Диханұлы болса 3 тонналық автокөлікті 25 метрге дейін сүйреді.

Бес сайыстың қорытындысы бойынша 142 ұпаймен Ерсейіт Бралин III орынға ие болып, 400 000 теңге қаржылай сыйлықты қанжығалады. ІІ орынды 156 ұпаймен Жанболат Ибадилдаев 600 000 теңге қаржылай сыйлық ұтып алды. Ал Түркістан облысының өкілі, былтырғы чемпион Азамат Мақұлбеков қайта өз мықтылығын дәлелдеп, 184 ұпаймен 1 миллион теңгеге ие болды.

Айта кетейік, жалпы жүлде қоры екі миллион теңгені құраған турнир Астана қаласы әкімдігінің орталық алаңында өтті.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin