2024-2025 жаңа оқу жылы қарсаңында Түркістан облысында «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік осал отбасынан шыққан 60 693 балаға мемлекеттік қолдау көрсетілетін болады. Өңірдегі экономикалық есептеулер нәтижесінде әр балаға 43 407 теңгеден үлестіріледі. Бұл жайында өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте Түркістан облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетұлы мәлімдеді.
«Акция аясында 5 санаттағы отбасы балалары қолдау ала алады. Олар мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балаларға, жан басына шаққандағы табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балаларға, жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балалар мен білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттарына беріледі. Жоғарыда аталған санаттағы отбасының балаларына киім мен оқу-құралдарын алу үшін білім беру ұйымының басшысының атына баланың ата-аналары немесе заңды өкілдері өтініш беруі тиіс. Кейін ата-ана не заңды өкіл білім беру ұйымына сатып алынған тауарлардың атауы көрсетілген шығыстар туралы растайтын құжатты тапсыруы керек» — деді спикер.
Осы тұста атап өтерлігі, Түркістан облысында «Мейірім» акциясы да жүргізілуде. Акцияның мақсаты — жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтік бейімдеу үшін қажетті жағдай жасау, жұмысқа орналастыру және тұрғын үймен қамтамасыз ету.
Бүгінгі таңда Түркістан облысында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру мекемелерінде 162 бала тәрбиеленуде. Акция шеңберінде балаларды кәсіптік бағдарлау, одан әрі жұмысқа орналастыру, тұрғын үйді одан әрі сатып алу үшін «Отбасы банк» АҚ-да депозиттік шоттар ашу және толықтыру мақсатында «тәлімгерлерді» бекіту көзделген.
Акцияға қатысу үшін жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру мекемелерімен келісімшартқа отырасыз!
Балаға тәлімгер болып, қолдауға ниетті болсаңыз, төмендегі нөмірге хабарласыңыз. Байланыс мәліметтері: Түркістан облысы білім басқармасының жауапты маманы — Әлия Сартайқызы, 87027647626.
Айта кетейік, “Мектепке жол” акциясы 1 тамыздан 30 тамызға дейін жалғасады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.