Түркістан қаласында бокстан Әбдісалан Нұрмахановты еске алуға арналған халықаралық жарыс аяқталып, жеңімпаздар анықталды

Түркістанда даңқты боксшы, КСРО-ға еңбек сіңірген спорт шебері, білікті бапкер Әбдісалан Нұрмахановты еске алуға арналған бокстан ересектер арасындағы ХХХ халықаралық турнир мәресіне жетті. Апта бойы шаршы алаңда қолғап түйістірген жұдырықты жігіттердің жеңімпаздары белгілі болды.

Тартысқа толы өткен бокс бәсекесіне барлық командалар жоғары дайындықпен келген. «Сен тұр, мен атайын» деген сайыпқырандар ринг көрігін қыздырып, нағыз бокс бәсекесін көрсетті. Нәтижеге тоқталсақ, Түркістан облысының 6 боксшысы финалға жолдама алып, 3 алтын медальді қанжығалады. Оған қоса 3 күміс және 2 қола жүлдесі бар. Жүлде салған боксшыларды атап өтсек, 60 келіде Әділет Құрметов, 71 келіде Аман Қонысбеков, +92 келіде Даниял Сапарбайлар алтыннан алқа тағып, жерлестеріне зор қуаныш сыйлады. Ал 63,5 келіде қолғап түйістірген Бақтияр Анарбаев, 71 келіде Темірхан Тезек, +92 келіде Нұрлан Сапарбай сынды талантты боксшылар күміс жүлдеге қол созды. Сонымен қатар 75 келіде Рамазан Дәуетай, +92 келіде Айбек Эрметовтер қолма медальді қанағат етті. Айта кетейік, 60 келіде өнер көрсеткен «Түркістан кәсіпқой бокс» клубының шәкірті Әділет Құрметов жарыстың «Ең үздік боксшысы» атанды.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Айдос Қалтаев, Әбдісалан Нұрмахановтың жұбайы Күлбаш Шаймерденова, Түркістан кәсіпқой бокс клубының директоры, бокстан Әлем чемпионы Қайрат Ералиев, Түркістан облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры Шынболат Райханов турнирдің үздіктерін құттықтап, арнайы тағайындалған медальдар, белбеулер және алғыс хаттармен марапаттады.

Бокс бәсекесіне еліміздің 15 аймағынан және көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Камбоджа мемлекеттерінен іріктелген 145 былғары қолғап шебері 13 салмақ дәрежесінде мықтыларды анықтаған болатын.

Спорт демекші, Түркістандағы экологиялық акция «Жазғы демалыс – спортпен» ұранымен ашық алаңдағы спорттық ойындармен жалғасты. 200-ден аса жасөспірім қатысқан шарада спортшылар қазақтың ұлттық ойындарымен бірге дойбы, ләңгі тебу, белтемірге тартылу, секіргішпен секіру, шахмат сияқты спорт түрлерінен жарысқа түсті. Ойынға қатысқандардың ең жасы – 5 жаста. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге демеушілер тарапынан сыйлықтар беріліп, алғыс хаттар мен медальдар табысталды.

Қала тазалығына жанашырлықпен қарау – азаматтық борышым деп білген халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионы, түркістандық дзюдошы Дидар Хамза да белсенді атсалысып, жасөспірімдерге үлгі бола білді.

Спорттық ойындар соңы тұрғындарға арналған концерттік бағдарламаға ұласты. Жиналған қауымға қалалық мәдениет үйінің қызметкерлері өнер көрсетіп, ерекше көңіл-күй сыйлады. «Яссы» халықтық этнофольклорлық ансамблі мен әншілер өнер көрсетіп, көрермен қошеметіне бөленді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin