Түркістан қаласының тумасы әлемдік үздік жоғары оқу орындарына шақырту алды

Оқу түсу дегеннен шығады, облыс орталығындағы № 15 жалпы орта мектебінің оқушысы Дамир Аюпов шетелдің 45 жоғары оқу орнына грант жеңіп алды. Ол АҚШ, Швейцария, Германия, Испания, Малайзия, Шотландия мемлекеттеріндегі қалаған жоғары оқу орнының студенті атана алады.

Түркістан қаласының тумасы Ұлттық бірыңғай тестілеуден 133 балл жинаған. Талапкер тестілеуді білімін тексеру үшін ғана тапсырған. Алайда әлемдік үздік жоғары оқу орындарына шақырту алды.

– Әуелі Чехияға оқуға түскен досымның жетістігіне қызығушылықтан басталды. Білім алуды басқа елде жалғастыру үшін бірінші кезекте ағылшын тілін үйрену керегін естіген бойда дайындық тобына жазылдым. Сөйтіп 10-сыныптың жартысынан бастап шет тілін тереңдетіп өтетін курста сабақ алдым. Жарты жылдың ішінде IELTS-тағы деңгейім 6,5-ға жетті. Негізінен, мектепте география, математика және ағылшын тілін сүйіп оқыдым. Сөйтіп, IT саласын таңдаймын деп жүргенмін. Бірақ 11-сыныпта бұл ойым өзгерді. Ресторан басқаруды армандай бастадым. Сөйтіп география мен ағылшын тілі пәндеріне ден қойдым. Оған еш өкінбеймін. Қазір шетелдің 45 жоғары оқу орнына шақырту алдым, – дейді ол.

Дамирдың айтуынша, оны шәкіртақысы 2,5 миллион теңге болатын университеттер де шақырған. Бірақ жүрек қалауы Еуропаға түсіп тұр. Сыныптастарының арасында шетелге оқуға түскен жалғыз өзі ғана емес, олардың қатарында Корея, АҚШ пен Словакияда оқуға жолдама алғандары да бар.

Тақырыпқа орай тағы бір ақпарат, Түркістан облысының Цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы мен Turkistan hub «Жасанды Интеллект: Бүгінгі әлемді өзгертетін болашақ технологиялар» туралы workshop өткізді.

Бұл шеберлік сағатына 20-ға жуық адам қатысты. Мастер класта жасанды интеллект арқылы чат-бот жасау, трендпен жұмыс, жасанд интеллект арқылы шетел тілдерін жаттау туралы толық түсіндірілді.

Сонымен қатар мастер класс соңында сұрақ-жауап ойындары болып, түрлі сыйлықтар табысталды.

Айта кетейік, бұған дейін «Telegram-ның» шексіз мүмкіндіктері туралы воркшоп көптің қызығушылығын тудырған болатын. Ендігі кезекте шетелге оқуға түсу жолдарын түсіндіретін кездесу өткізу жоспарланып отыр.

Айтпақшы, оқушы демекші, Түркістанда «Оқушылар сарайының» өнерпаздары қоғамдық көлікте ән салып, жолаушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
«Дәстүрлі ән» үйірмесінің оқушылары танымал халық әндерін орындады. Мақсат – осы арқылы жолаушыларға көңіл-күй сыйлау және халық әнін дәріптеу, тұрғындар арасында ұлттық өнерді насихаттау.
– Бұл идеяны «Дәстүрлі ән» үйірмесінің оқушылары өздері ұсынды. Ал мен басшы ретінде оларға бірден қолдау білдірдім, – дейді «Оқушылар сарайының» директоры Индира Икапова.
Көліктегі жолаушылар да халық әндерін бірге қосыла шырқап, оқушыларға қолдау жасады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin