Түркістан – Түркі мемлекеттерінің 2024 жылғы туристік астанасы: Түркістандық жиһаз кластеріне инвестиция тарту жөнінде шетелдік инвестормен келіссөз жүргізілді

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды шетелдік инвестормен кездесті. Кездесуде екіжақты әріптестікті нығайту, жиһаз өндірісін дамыту, бірлескен кәсіпорын ашу жөнінде келіссөз жүргізілді.

– Түркі әлемінің астанасы – Түркістан қаласына қош келдіңіздер. Сіздерді біздің облыста көргеніме шын жүректен қуаныштымын. Өздеріңізге белгілі, биыл 6-13 шілде аралығында Қытай Халық Республикасына іссапармен барған болатынбыз. Іссапар аясында 3 провинция губернаторларымен кездесу өткізіліп, екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасты нығайту мәселесі талқыланып, меморандумдарға қол қойылды. Міне, сол келіссөздер нақты іске ұласып отыр. Өңірімізде жиһаз кластері дамып келе жатыр. Өңірде жиһаз өнеркәсібінде 100-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың ішіндегі ең ірілері өнімдерді Ресейге, Қырғызстанға, Өзбекстанға және Тәжікстанға экспорттайды. Бірлескен жобаны жүзеге асыру үшін арнайы шақырып отырмыз. Жаңа кәсіпорын ашуға қолдау көрсетіледі. Біздің мақсатымыз – жұмыс орындарын ашу, отандық өндірісті дамыту, елімізді өз өнімдерімізбен қамтамасыз ету, – деді Дархан Сатыбалды.

Инвестор Түркістан облысының жиһаз шығару саласындағы әлеуетімен танысқанын айта келе, қысқа мерзімде жобаны жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.

«АҚНИЕТ HOLDING» ЖШС-нің директоры Омар Бақтыкерей инвестормен келісім жасалғанын, жоба жан-жақты талқыланғанын айтты. Алдағы уақытта өңірде ірі жиһаз зауыты ашылып, 200 жұмыс орны құрылмақ. Түркістан облысында өндірілген жиһаздар Қазақстанға ғана емес, шетелдерге де экспортталуы мүмкін. Арнайы техникалар, құрылғылар алынады.

Осыдан он күн бұрын Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы алаңында жиһаз өндірісі кіші салалық кеңесінің отырысы өткен-ді. Түркістандық жиһаз өндіруші кәсіпкерлердің басқосуында шетелдік көрмелерге қатысу кезіндегі шығындардың өтелуі, «Expo Mebel Astana» жиһаз, фурнитура, қаптама материалдары мен жабдықтар көрмесі және «Show room» жобасы тақырыбындағы мәселелер талқыланды.

Жиһаз өнеркәсібіне инвестиция тарту бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Өткен жылы осы өңірдің жиһаз өнеркәсібіне 13,2 миллиард теңге инвестиция салынып, республикалық деңгейдің 76,8 пайызын құрады.

Облыс аумағындағы кәсіпкерлердің шетелдік көрмеге қатысуға кететін шығыны жобамен 20-30 миллион теңге екенін ескерсек, бұл тек ірі кәсіпорындарға ғана қол жетімді болып отыр. Кәсіпкерлер өз өнімін шетелдік көрмеге шығарғысы келгенімен, қомақты қаржы шығару кез келген кәсіпкер үшін қалтаға салмақ салады. Сондықтан да, кәсіпкерлер шетелдік көрмеге қатысу үшін берілетін қаржы алдын ала берілсе деген ұсыныс айтты.

Сондай-ақ, кездесуде «Expo Mebel Astana» жиһаз, фурнитура, қаптама материалдары мен жабдықтар көрмесіне қатысу бойынша ақпарттандыру жүргізілді. Көрме ағымдағы жылдың 14-16 тамыз аралығында Астана қаласында өтеді. Жиынға «ZOOM» платформасы арқылы онлайн қатысқан көрменің негізгі ұйымдастырушысы «Kaziron Trade» ЖШС-нің көрмеге жауапты маманы Мақпал Аубакирова толыққанды ақпарат беріп өтті.

Жиында жиһаз өндірісіндегі кәсіпорындарға арналған «Show room» жобасы бойынша ұсыныс айтылды. Бұл дегеніміз — барлық жиһаз өндіруші кәсіпорындардың сатылым дүкенін бір жерге тоғыстыру.

Салыстыру үшін тілге тиек етер мәлімет, 2024 жылдың қаңтар-наурыз айларында елімізде жиһаз өнеркәсібі саласына 1 173,4 миллион теңге инвестиция тартылды. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі хабарлады.

«QazIndustry» АҚ Жеңіл өнеркәсіп, ағаш өңдеу, жиһаз өнеркәсібін және құрылыс материалдары өндірісін дамыту дирекциясының мәліметінше, бұл көрсеткіш 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11 есеге көп.

«Аталған секторға инвестиция тарту бойынша өңірлер арасында Түркістан облысы көш бастап тұр. Осы жылдың алғашқы үш айында өңірдің жиһаз өнеркәсібі саласына 645,1 миллион теңге немесе жалпы елдік деңгейдің 55 % тартылған», — деп жазылған хабарламада.

Мұндай жоғары өсімге орындықтар мен отыруға арналған басқа да жиһаздар өндірісіне инвестициялар көлемінің артуына (645,1 миллион теңге) байланысты қол жеткізіліп отыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin