Созақ ауданы: жол-көлік оқиғаларының алдын алу жұмыстары жан-жақты талқыланды

Бүгін Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбековтің төрағалығымен жиын өтті. Аудан әкімдігі, аудандық прокуратура және аудандық полиция бөлімінің бірлесе ұйымдастыруымен өткен жиынға аудан прокуроры Ержан Қожабеков, удандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Жасұлан Нысанбаев және аулдық округтер мен кент әкімдері, тиісті бөлім басшылары мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты.

Жиында жол көлік оқиғаларының алдын алу мен оған қатысты атқарылу керек шаралар кеңінен талқыланды. Алдымен күн тәртібіндегі мәселе бойынша хабарлама жасаған аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерлан Райымқұлов жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.

-«Аудан әкімдігі мен ауыл, кент округ әкімдерінің ресми парақшалары мен «Созақ үні» газеті арқылы, жол ережесін қатаң сақтау туралы Үндеу жарияланды. Одан бөлек, күнделікті инфобаннерлер тұрақты жарияланып тұрады. Аптасына жол көлік оқиғасы жайында арнайы видеороликтер жариялау қолға алынды. Қазір барлық ауылдық округтер мен кенттерде жолаушыларға ескерту ретінде ішкі саясат бөлімінің бастамасымен «Жол ержесін сақтаңыз», «Жол қателікті кешірмейді», «Қарсы бағытқа шықпаңыз», «Үйде отбасыңыз күтіп отырғанын ұмытпаңыз» деген тақырыптарда 13 баннер үлкен жолдың бойына ілінді. Тамыз айында аудан әкімдігі, аудан пркуратурасы және аудандық полициямен бірлесіп, жол көлік оқиғасының алдын-алу шарасы бойынша көлік жүргізушілерге жол ержесін сақтау туралы үнпарақтар таратылды», — деп бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында алдағы күнге нақты жұмыс жоспары түзілгенін атап өтті.

Сондай-ақ Созақ ауданы прокурорының орынбасары Нұрсұлтан Талғатұлы соңғы уақытта аудан көлемінде жол-көлік оқиғасының жиі орын алып отырғанын тілге тиек етті. Жол апатының алдын алу мақсатында атқарылу керек жұмыстарды саралап, тарқата баяндады. Созақ аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Тұрсынбек Садуақасұлы өз кезегінде соңғы уақытта орын алған жол апаттарының себептері мен салдарын нақтылай түсті.

Күн тәртібінде қаралған мәселенің өзектілігіне айрықша тоқталған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков –«Соңғы уақыттарда жол көлік оқиғасы аядай ғана ауылдарда да тіркелуде. Көлік тізгіндеген азаматтарға, жастарға жол-көлік оқиғасы туралы, оның салдары мен алдын алу жөнінде түсіндіру жұмыстарын жандандыру керек. Ол үшін алдымен ауылдық округ әкімдері мен жергілікті құқық қорғау органдарының қызметкерлері тығыз байланыста болуды ескертемін. Оқиғаның салдары орын алмас бұрын оның алдын алумен айналысу қажет»,-деген аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы ең алдымен бейнебақылау камерасының санын арттыруды қолға алды. Күре жолдарға шуылдақты жолақтар сызу қажеттігін айтып, жауаптыларға бұл бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ айып тұрақты талаптарға сай жабдықтау ісін де осы сәттен қолға алуды тапсырды.

Аудан прокуроры Ержан Қожабеков өз сөзінде қазіргі таңда жол-көлік оқиғалары, оның салдарынан болатын өлім мен жарақат фактілері азаймай отырғанын айтып өтті. Жол қозғалыс оқиғасы өздігінен туындамайтынын және қозғалыс ережелерінің қандай да бір талаптарын сақтамағандықтан болатынын алға тартты. Оның алдын алу бағыты бойынша ұтымды ұсыныстар айтып, аудандық полиция бөліміне жол ережесін сақтау талаптары бойынша тиісті шаралар ұйымдастыруды тапсырды.

Жалпы, Түркістан облысы аумағында жыл басынан бері тіркелген жол-көлік оқиғалары 68 пайызға өскен. Ал, жол-көлік оқиғаларынан қаза болғандардың көрсеткіші 16%-ға төмендеп отыр. Таяуда өткен Түркістан облысы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының отырысында дәл осы жол-көлік оқиғаларының жай-күйі талқыланғанын да айта кетейік. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды қылмысты төмендету бойынша тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе нақты шаралар қабылдауды, осы бағытта жұмысты жалғастырып, қоғамдық қауіпсіздікті қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Түркістан облысы бойынша департамент бастығының міндетін атқарушы Мұхтар Мүсіровтің айтуынша өңірде қылмыс саны 7%-ға азайған. Ал, ауыр қылмыстар 15,3%-ға төмендесе, аса ауыр қылмыстар 9,6%-ға өскен. Ұрлық 38,4% -ға кеміген, тонау — 26,1%, мал ұрлығы — 46,1%, бұзақылық — 25,7%, интернет алаяқтық — 5,3%-ға азайған.

Мәжілісте кедендік бақылау саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу профилактикасы және басқа да маңызды мәселелер қаралды.  Жиын барысында берілген тапсырмалар, айтылған кемшіліктер мен сын-ескертпелер хаттамаға енгізіліп, нәтижелі жұмыстарды атқару міндеті жүктелді.

«WWW.ANYQ.KZ»-ақпарат

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin