Түркістан облысы: Теріскейлік тұлпарлар дүбірлі додада топ жарды

Биыл Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданына қарасты Түгіскен ауылдық округінің құрылғанына 90 жыл толып отыр. Аталмыш ауылдың торқалы тойында жоғары деңгейде аламан бәйге ұйымдастырылды.

Жарыс жолына шыққан тұлпарлардың ішінен теріскейлік сәйгүліктер оза шапты.

Нұрбол Айдарұлының “Ботагөз” атты сәйгүлігі аламаннан, “Асылтас” атты тұлпары ұлы аламан 90 шақырымнан топ жарып, қос бірдей су жаңа автокөлікті иеленді.

Аламаннан ат терлетіп, жеңіспен оралған сәйгүліктердің бапкерлері мен ат жалында ойнаған шабандоздарды аудан әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мерей Ниязәліұлы мен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерлан Райымқұлов және ауыл жұртшылығы қарсалды. Қуанышты сәтпен бөлісіп, ізгі тілектерін арнады.

Аттардың бағымы мен бабын келтіріп баптаған Еркеғали Бәйділдаев сәйгүліктің шабандоздары Асылжан Төлеген мен Нұрдың еңбектеріне айрықша тоқталды.

Айта кетейік, алдағы уақытта алқалы жиындардың ажырамас бөлігі саналатын аламан бәйгеден топ жарған сәйгүліктердің иесін, бапкерлік құрамы мен шабандоздарды аудан басшысы арнайы қабылдап, құрмет көрсететін болады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin