Түркістан облысында спорт саласын дамытуға көңіл бөлініп келеді. Соның бірі – Жетісай ауданы. Осы орайда аудан басшысы Серік Мамытов Жетісай қаласындағы бокс, еркін күрес, үстел теннисі және қазақ күресі секілді спорттың 4 түрінен 200-ден астам жасөспірім шұғылданатын «Күлбала» спорт кешенінің бүгінгі жай-күйімен танысты.
Соңғы рет 2019 жылы ішкі ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген спорт кешенінің бүгінде шатырынан су ағып, қабырғалары үгітілуде. Одан бөлек, едендері мен жасөспірімдердің жуыну бөлмелеріндегі құрал-жабдықтар, жылыту қазандықтары мен терезелері ауыстыруды қажет етеді. Бұл жұмыстарға 16 миллион теңге қажет екенін айтқан аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев орталықта жаттығатын жасөспірімдердің жетістіктеріне тоқталды.
Бөлім басшысының мәліметінше орталықта жаттығатын 23 спортшы бокс түрінен халықаралық, республикалық, облыстық және аймақтық жарыстардың чемпионы атанса, мүмкіндігі шектеулі 2 жасөспірім республика чемпионы, 1 спортшы қола жүлде иеленген. Ал еркін күрестен 3 спортшы халықаралық жарыстардың чемпионы атанған.
Айта кетейік, бүгінде аудан басшысының қолдауының нәтижесінде ауылдар мен елді мекендерінде заман талабына сай спорт ғимараттары, балалардың спорт алаңшаларын салу ісі қолға алынып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен аудандық мәслихат хатшысы Медет Қасымов жауапты сала мамандарымен бірге қаланың санитарлық тазалығы мен жүргізіліп жатқан абаттандыру шараларының барысымен танысып, анықталған кемшіліктер бойынша тиісті тапсырмалар берді.
Алдымен аудан басшысы 2013 жылы қолданысқа берілген «Абай» гүлзары мен «Тәуелсіздік» монументі аумағында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын көрді.
Жергілікті қазынадан қаралған 30 миллион теңгеге демалыс орнының жалпы аумағы 1000 шаршы метр аяқ жол салынып, 30 дана жарықшамдар мен автоматты суландыру жүйесі жаңартылатын, ыстыққа шыдамды газондар егілетін болады. Негізгі жұмыстарды жүргізіп жатқан аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің «Жетісай қызмет» мекемесінің жауаптыларымен жүздескен аудан әкімі жұмыстың сапасына аса мән беру қажеттігін ескертті.
Сонымен қатар, қала көшелеріндегі, әсіресе, арық-атыздар мен көппәтерлі тұрғын үйлердің маңындағы санитарлық тазалық жұмыстарына, бей-берекет ілінген жарнамалық хабарламаларға талдау жүргізді. Кездескен кемшіліктерді көп ұзартпай жоюды, кәсіпкерлік нысандарға жұмысын жүргізуде қаланың көркін бұзбауды ескертті. Шаһар басшысына абаттандыру жұмыстарын жүргізуде жаңаша жобалар жасау керектігін айтты.
Сонымен қатар, бүгінде Жетісай қаласында жеке тұрғын үй секторларынан бөлек 136 көппәтерлі тұрғын үйлер, жалпы ұзындығы 200 шақырымға жуық 175 көше мен 34 шақырымды құрайтын арық-атыздар бар. Арнайы белгіленген 18 қоқыс тастау орнында 200-ге жуық қоқыс контейнері қойылғанымен, кейбір азаматтар қоқысты көшеге тастауды әдетке айналдырған. Енді заң мен тәртіпке мойынсұнғысы келмейтіндерді анықтап, тиісті шара қабылдау үшін қала ішіне 30 бейнебақылау камерасы орнатылып жатыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.