Бүгін кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің отырысы өтті. Жиынға кеңес мүшелері, мемлекеттік орган басшылары және облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Зухра Амирова қатысты. Күн тәртібінде алғашқы болып «Ертегілер әлемі балабақшасы» ЖШС-нің мәселесі бойынша Түркістан қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы қызметкерлерінің іс-әрекеті талқыланды.
Балабақша әкімшілігі мектепке дейінгі балалар мекемесінің ғимаратында медициналық қызметпен айналысуға лицензия алу барысында кедергілер туындағанын жеткізді. Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы Орынбасар Кабиштаев бұл әрекетті қолдан жасалып отырған кедергі деп баға берді.
Сондай-ақ, өңіріміздегі кәсіпкерлер салық органы тарапынан шаруа қожалықтарының есеп шоттарын бұғаттау әрекеттеріне қатысты құқықтық көмек сұраған. Дара кәсіпкер мен шаруа қожалықтары кірістерінің болмауына қарамастан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемдерінің тиісті шоттарға аударылмау себебінен есеп шоттары бұғатталған.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Арынбаев көтерілген мәселені мұқият тыңдап, назарға алатындығын атап өтті. Заң шеберінде жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлері тексеру жұмыстарын жүргізіп, оң шешімін табуға ықпал жасалатындығы сөз болды.
Сонымен қатар бүгін Түркістанда ойын бизнесі мен сыбайлас жемқорлыққа қатысты жаңа заң бойынша да мәжіліс өтті. Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы шілде айында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған болатын.
Бүгін осыған байланысты Түркістан облысы әкімі аппарататының басшысы Еркеғали Әлімқұловтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Күн тәртібінде қоғамдағы өзекті мәселеге айналып отырған құмар ойындары туралы Заңмен қатар, ішкі тәртіп мәселелері де талқыланды.
Аталған Заңның 17-тармағына сәйкес, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына тиісті толықтырулар енгізілді. Нәтижесінде, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың лауазымды адамдардың, сондай-ақ көрсетілген функцияларды орындауға уәкілеттік берілген кандидаттар болып табылатын адамдардың өз өкілеттіктерін жеке, топтық және өзге де қызметтік емес мүдделерде пайдалануына әкеп соғуы мүмкін әрекеттерді жасауына жол бермеу мақсатында өздеріне: «Ойын бизнесі туралы» ҚР Заңында көзделген анықтамаға жататын ойын мекемелерінде құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысу, сол сияқты құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге сол үшін бөлінбеген орындарда қатысу немесе телекоммуникация желілерін, оның ішінде Интернет желісін пайдалану арқылы өткізілетін құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысу бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдау көзделген.
Аталған Заңмен белгіленген сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер биылғы 9 қыркүйекте қолданысқа енгізілгеннен сәттен бастап, аудан, қала әкімдіктері мен облыстық басқармалардың персоналды басқару қызметтері мемлекеттік қызметшілерден, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардан жазбаша нысанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерін қабылдау бойынша тиісті жұмыстарды атқару қажет. ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының талаптарына сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдамауы лауазымға қабылдаудан бас тартуға не жұмыстан шығаруға (атқарып жүрген лауазымынан босатуға, өкілеттіктерін тоқтатуға) негіз болып саналады.
Аппарат басшысы Заң қолданысқа енгізілген мерзімге дейін аудан қала әкімдіктері және облыстық басқарма басшылары мен мемлекеттік қызметшілер арасында тиісті түсіндірме және құқықтық оқыту жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар жан-жақты түсіндіріп, осы Заңның қабылдануына байланысты барлық азаматты талаптарды сақтауға шақырды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.