Түркістан облысында кіші жедел басқару орталығының жобасы таныстырылды

Облыстық әкімдікте кіші жедел басқару орталығының жобасы таныстырылды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен шарада Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов, прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, цифрландыру басқармасының басшы құрамы мен әкім орынбасарлары, басқарма басшылары қатысты. Жаңа жобаны «Алтау смарт» ЖШС-нің коммерциялық директоры Исатай Жүнісов таныстырып өтті.

Жиын барысында цифрландыру, қауіпсіздік үшін қажетті соңғы үлгідегі цифрлық құрал-жабдықтармен жабдықтау мәселелері қаралды. Сонымен қатар аудандарға кіші жедел басқару орталығын құру бойынша ұсыныстар көтерілді.

Шара соңында облыс әкімі құрылым басшыларына тапсырмалар жүктеп, жаңа жобаны зерделеуді жүктеді. Сондай-ақ тұрғындар қауіпсіздігін сақтау, қорғау бағытындағы бастамаларды қолдайтындығын айтты.

Цифрландыру демекші, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысына қарасты елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамту мақсатында жол картасы әзірленген. Осы ретте облыстық Цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының ықпалымен өңірде интернет сапасын жақсарту және интернет базалық станциясын орнату жұмыстары жүргізілуде.

— 2024 жылға байланыс операторлары өз қаражаты есебінен 132 елді мекенде базалық станция орнату жоспарланған. Қазіргі таңда 21 шалғай елдімекенде интернет базасы іске қосылды. Қалған 111 елдімекенге антенна-мачталық құрылыс жайлары салынып, интернет базасы орнатылды. Жыл соңына дейін толық іске қосу жоспарлануда. Ал мемлекеттік бюджет есебінен қосымша 66 ауылдық елді мекенде антенна-мачталық құрылыс жайлары салынуда, — дейді басқарма басшысы Марат Айнабеков.

Сондай-ақ жыл басынан бері Бәйдібек ауданы, Қазығұрт, Мақтаарал, Жетісай, Ордабасы, Сайрам ауданы, Төлеби, Түлкібас, Сауран аудандарындағы шалғай ауылдарға интернет базалары орнатылды.

Айта кетейік, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы 2024 жылдан бастап 2027 жылға дейін жалғасады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin