Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдайтын жыл сайынғы Жолдауында өңірлер мен елді мекендерде бұқаралық спортқа, дене шынықтыруға, салауатты өмір салтын қалыптастыра отырып денсаулығы мықты ұрпақ тәрбиелеуге басымдық беріп, әр аудан орталықтарында спорт алаңшаларын ашу жайындағы бастамасын жүзеге асыруды жүйелі түрде жүргізіп келе жатқан Жетісай ауданында тағы бір спорт алаңшасы қолданысқа берілді.
Қарақай ауылдық округінде пайдалануға берілген спорт алаңшасының салтанатты ашылу рәсіміне Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Қайназаров пен ауыл ақсақалдары, спорт ардагерлері мен жаттықтырушылар қатысты. Ел ағалары ауыл балаларын зиянды әдеттерден бойларын алыс ұстап, салауатты өмір салтын қалыптастыруға, дене шынықтырумен шұғылдануға шақырды.
Жергілікті бюджеттен қаралған 20 миллион 193 мың теңгеге салынған спорт нысанының құрылысы өткен жылдың қазан айында басталып, 11 айда ел игілігіне тапсырылып отыр. Мұнда ауыл балаларының бос уақыттарын тиімді пайдаланып, футболдан түрлі жарыстар өткізуге мүмкіндіктер қарастырылған.
Ауыл ақсақалдары мен спорт ардагерлерінің батасымен лентасы қиылған алаңшада алғашқы жарыс 2010-2011 жылдары туылған жасөспірімдер арасында «Салауатты ұлт – салауатты ұрпақ» ұранымен өтіп, 5 команда қатысты.
Жетісай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыу және спорт бөлімінің «Жетісай спорт клубы» мекемесінің ұйымдастыруымен өткен біріншілікте М.Байзақов жалпы орта мектебінің оқушыларынан құрылған «Жетісай спорт клубы» командасы жүлделі ІІІ орынды иеленсе, М.Мәметова мектебінің теңбіл доп шеберлері ІІ орынға табан тіреді. Ал І орынды қанжығасына байлаған «Жетісай спорт клубы» құрамасы біріншіліктің жеңімпазы атанды.
Бүгінде ауданда мектептер мен арнаулы орта оқу орындарының алаңшаларынан бөлек 77 ашық алаңша болса, оның 49-ы мемлекеттік, 28-і жеке азаматтардың меншігінде. Биылғы жылы жеке инвесторлар мен бюджет есебінен салынуы жоспарланған 13 спорт нысанының 3-і пайдалануға берілсе, 4 нысанның құрылысы жүргізілуде, тағы 6 нысан бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстары атқарылуда.
Иә, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйек күні жолдаған дәстүрлі Жолдауында салауатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамыту қажеттегіне тоқталған болатын. Осы мақсатта Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытовтың бастамасымен аудандағы барлық деңгейдегі мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелердің, аудандық мәслихат аппаратының қызметкерлері арнайы «Спорт күнін» белгіледі.
Өз кезегінде мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері, аудандық мәслихат аппараты қызметкерлері арасындағы достық қарым-қатынасты нығайта отырып таныс арттыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты дамыту мен еңбекке деген талпыныстарын, қимыл-қозғалыс арқылы өмірге деген құлшыныстарын арттыру мақсатындағы спорттық шараларға аптасына 2 күн жұмыстан кейінгі 3 сағат уақыт арналып отыр.
Бүгінде аудан аумағында бұқаралық спортты дамыту мақсатында биыл жеке инвесторлар мен бюджет есебінен салынуы жоспарланған 13 спорт нысанының 3-еуі пайдалануға берілсе, 4 нысанның құрылысы жүргізілуде, тағы 6 нысан бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстары атқарылу үстінде.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.