Түркістан облысының «Тұран» командасы футболдан Қазақстан премьер-лигасының 20-тур ойындарында жеңіске жетті

Бүгін футболдан Қазақстан премьер-лигасының 20-тур ойындары өтті. Түркістан облысының намысын қорғайтын «Тұран» командасы жасыл алаңы жөндеуден өткен «Түркістан арена» стадионында Қарағандының «Шахтер» футболшыларын қабылдады. Бір жарым жылдан астам уақыттан бері Түркістан жұртшылығы футболды сағынып қалған екен. 7 мың жанкүйер жиналып, стадион толық толды. Тартысты бәсекені Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы тамашалап, футболшыларға қолдау көрсетті.

Турнир кестесінде 11-орында тұрған «Тұран» командасы өз алаңында 13-орында тұрған қарағандылық қарсыласын толассыз шабуылдармен қарсы алды. Алғашқы минуттан өткір шабуылдар ұйымдастырып, ойын тізгінін қолға алды. Сондай шабуылдардың бірі жемісін беріп, ойынның 26-минутында Иван Хомуха есеп ашты. Осылайша, бірінші тайм алаң иелерінің пайдасына шешілді.

Екінші тайм алма-кезек шабуылдармен жалғасты. Алаң иелері есепті еселеуге тырысса, қонақтар теңестіруді көздеді. Сондай ұрымтал сәттің бірінде «Тұран» қақпасына пенальти белгіленді. Айып соққысын қақпашы қайтарғанымен, төреші сол сәтті VAR жүйесінен көріп, пенальтиді басынан тепкізу туралы шешім қабылдады. Ашортия есепті теңестірді. Бұл 67-минут болатын.

Қиын жағдайға тап болған түркістандықтар жанкүйерлердің қызу қолдауымен алға ұмтылды. Аса тартысты матчта қос команда сапынан да бір-бір ойыншыдан қуылғанын айта кеткен жөн. Дегенмен «Тұран» ойыншылары соңына дейін шайқасты. Ойынның 99-минутында Мишов жеңіс голын салып, командасына аса маңызды 3 ұпайды сыйлады. «Түркістан арена» стадионына жиналған 7000 жанкүйер қуаныштан шаттанып, «Түркістан» әнін бірге шырқады. Осылайша, Түркістанға үлкен футбол тамаша жеңіспен оралды.

Велоспортшылар Талғар қаласында өткен жарыста екі рет күміс жүлдегер атанды

Спорт тақырыбына орай жағымды жаңалықпен бөліссек. Алматы облысының Талғар қаласында 2008-2009 және 2010-2011 жылдары туған ұлдар мен қыздар арасында «Геннадий Сергеевич Третьяков атындағы сыйлық үшін» республикалық веложарыс өтті. Түркістан облысының велоспортшылары аталған жарыста бой көрсетіп, нәтижесінде жүлделі орындарға ие болды.

13-14, 15-16 жас аралығында өткен жарыста Түркістан өңірінен Жаннэль Садыкова екі рет қатарынан күміс жүлдегер атанды. Ол 2008-2009 жылдары туылған қыздар арасында 50 шақырым қашықтықта 8 айналымда және критериум веложарысы бойынша 10 айналымда 2-орындарға ие болды. Жалпы, аталған жарысқа 8 өңірден 16 команда қатысқан болатын.

Айта кетейік, Түркістан облысының велоспорт федерациясы жасөспірімдерді аталған спорт үйірмесіне қабылдауды жалғастыруда. Шыңдалған спортшылар түрлі чемпионаттарға қатысып, өз мүмкіндіктерін көрсетіп, өңірдің абыройын арттыруға үлес қоса алады. Қатысу тегін. Толық ақпарат: @velosport_turkistan_oblysy.

Түркістанда үстел теннисінен ашық біріншілік өтті

Түркістан қаласы 2024 жылы – Түркі әлемінің туристік астанасы атанды. Осыған орай, рухани шаһарда «Жемқорлықсыз болашақ» ұранымен 2009-2015 жылғы жасөспірімдер арасында үстел теннисінен ашық біріншілік өтті.

Спорттық жарысқа Қызылорда, Шымкент, Жетісай, Сарыағаш, Түркістан, Кентау қалалары мен Созақ, Бәйдібек, Төлеби аудандарынан 300-ге жуық спортшылар келді.

Сайыстың ашылу салтанатына қатысқан қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің сектор меңгерушісі Марат Әсілбаев пен «Түркістан қалалық №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің» директоры Әнуар Сәрсенбаев спортшыларға сәттілік тіледі. Ал жиында қонақ болған қаланың құрметті азаматы, бірінші дәрежелі үстел теннисінің жаттықтырушысы Оразбек Божбанбаев қатысушыларға өз тәжірибесімен бөлісіп, жетістікке жетудің қыр-сырымен бөлісті.

Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қалалық «№2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің» директоры Әнуар Сәрсенбаев құттықтап, арнайы алғыс хат пен кубоктарын табыстады.

— Үстел теннисі – пайдасы мол спорт. Ақыл-ойды сергітіп, мидың саулығын сақтайды. Шапшаңдық арқылы буындарға да жақсы әсер береді. Бұл спорт түріне жастардың қызығушылық танытып, сайысқа қатысып жатқанына қуаныштымын. Жас спортшыларға алдағы уақытта тек сәттілік тілеймін, — деді Әнуар Сәрсенбаев.

 Сайыс қорытындысы бойынша 2009-2015 жылғы жасөспірімдер арасында Түркістан қаласы 8 медаль, Шымкент қаласы 15 медальды иеленсе, Қызылордалық спортшылар 4 медальды қанжығаға байлады. Сарыағаш қаласы, Созақ пен Сауран аудандары бір-бір жүлдені місе тұтты.

Сарыағаш ауданында спорт және workout алаңшасы ашылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде спортты дамытуға, спорттық инфрақұрылымның балаларға барынша қолжетімділігін қамтамасыз етуге көңіл бөлінуде. Осы бағытта ауданға қарасты Жылға ауылдық округі, Шеңгелді елді мекенінде заманауи спорт және Workout алаңшасы бой көтерді. Аталған спорт алаңшасына аудан әкімі Арман Абдуллаев арнайы барып, ашылу салтанатына қатысып, жылы лебізін білдірді.

Айта кетсек, аталған спорт алаңшасы аудандық бюджет есебінен салынған. Жалпы ауданы 0,30 гектарды құрайтын спорт алаңшасында кіші футбол алаңы, автотұрақ, сонымен қатар Workout-пен (жаттығу алаңшасымен) жабдықталып, балаларға арналған ойын әткеншектері орнатылған. Мұнда балалар волейбол, футболдан сайысып, қосымша спорт түрлерімен де айналыса алады.

Одан бөлек Жылға елді мекенінде «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында бой көтеріп жатқан спорт кешенінің құрылысы қарқынды жүруде.

Қазіргі таңда нысанның ішкі қабырғалары қаланып, ішкі электр жүйелерін тарту және ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар ғимараттың еденіне кафельдер жабыстыру және ішкі кәріз жүйесі, сыртқы сэндвич панель орнату жұмыстары жүргізілуде.

Құрылыс жұмыстарын аралаған аудан басшысы жұмыс қарқынын күшейте отырып, құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізу керектігін ескертті, сондай-ақ ауыл әкімі мен жауапты бөлім басшысына жұмыс барысын баяндап отыруды тапсырды.

Құрылыс демекші, Сарыағаш ауданында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында медициналық нысандар бой көтеруде. Дәлірек айтсақ, Түркістан облысында денсаулық сақтау саласында халыққа сапалы қызмет көрсетудің сапасын арттыру мақсатында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша облыста 49 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысанының құрылысы жоспарланған.

Атап айтқанда, 20 дәрігерлік амбулатория, 23 фельдшерлік-акушерлік пункт және 6 медициналық пункт. Сол сияқты «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында да медициналық нысандар салынуда. Осы ретте Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Жылға ауылдық округіне арнайы жұмыс сапарымен барып, Жылға елді мекеніндегі дәрігерлік амбулаторияның және Шымырбай елді мекеніндегі фельдшерлік-акушерлік пунктінің құрылыс жұмыстарымен танысты.

Алдымен аудан басшысы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бастау алған Шымырбай елді мекеніндегі фельдшерлік-акушерлік пунктінің құрылыс жұмыстарын саралау барысында мердігер мекеме өкіліне құрылыс жұмыстарын жоспарға сәйкес мерзімінде және сапалы аяқтауды тапсырды.

Қазіргі таңда, ғимараттың қабырғасы қаланып, ішкі бөлу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс алаңында жалпы 8 жұмысшы жұмыс атқаруда. Келесі кезекте аудан әкімі Жылға елді мекенінде салынып жатқан дәрігерлік амбулаторияның құрылыс жұмыстарының барысын бақылап, мердігер мекеме өкілімен кездесті.

Бүгінде мердігер мекеме тарапынан ғимараттың қабырғасын қалау, сонымен қатар арнайы плита жабындысы жабылуда. Жалпы 11 жұмысшы құрылыс жұмыстарына жұмылдырылған.

Құрылыс алаңында болған аудан әкімі медициналық нысанының ауыл үшін маңызы зор және оның сапалы салынуы басты шарт екенін айтып өтті. Сонымен қатар құрылыс жұмыстарының уақытылы жүргізілуін қатаң бақылауда ұстау керектігін ескертіп, тиісті бөлім басшысына осы жұмыстарды үнемі назарда ұстауды жүктеді.

«Turkistan Cup – 2024» сайысында түркістандық команда чемпион атанды

Түркістанда 2010, 2012-2013 жылы туған жасөспірімдер арасында футболдан «Turkistan Cup – 2024» республикалық турнирі өтті. Сайысқа Астана, Ақтау, Тараз, Қонаев, Түркістан, Кентау қалалары мен Алматы облысынан 16 команда қатысты.

Шараға қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев пен қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев қатысып, еліміздің әр өңірінен келген жас спортшыларға қолдау білдірді.

Ойын нәтижесінде 2010 жылы туған жасөспірімдер арасында «Түркістан» командасына чемпиондық кубок бұйырды. II орынды «Қонаев» командасы, III орынды «Каспий» командасы иеленді.

Ал 2012-2013 жылы туған жасөспірімдер арасындағы чемпиондық кубокты Түркістан қаласының «Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының» командасы қанжығаға байласа, II орынды «Тұран Түркістан» командасы, III орынды түркістандық БЖМОФМ мектебі еншіледі. Үздік ойыншыларға арнайы номинациялар табысталды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin