Шымкент: Онлайн сауда арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттердің алдын алу жұмыстары тоқтаған емес

Интернет алаяқтары халықты алдау үшін әртүрлі айла-тәсілдерді кеңінен қолдануда. Елімізде жиі кездесіп жатқан алаяқтық әдістерінің қатарында банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде өздерін таныстырып, азаматтардың жеке мәліметтерін иемдену әрекеттері бар.  Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен «Өңірдегі интернет-алаяқтыққа қарсы күрес жөніндегі шаралар туралы» тақырыбында баспасөз конференциясында баяндалды.  Алаяқтар, мысалы, SIM-карта мерзімін ұзартуды сылтауратып, жеке деректерді алып, сол арқылы бөтен атқа онлайн несие рәсімдейді.

Алаяқтықтың тағы бір түрі — алдын ала төлем жасау арқылы интернет саудасы кезінде жоқ тауарды сатуды көздейтін схемалар. Олардың негізгі нысандары — Kolesa.kz, OLX.kz, Krisha.kz секілді платформалар мен Instagram желісіндегі жалған дүкендер.

Алаяқтар азаматтарға тауарлық несиені төмен пайызбен ақшаға айналдыруды ұсыну арқылы да алдайды. Азаматтар өз атына рәсімделген тауарларды алаяқтарға беріп, алаяқтар тауарды сатып пайда көреді де, азаматтар қаржылық шығынға ұшырайды.

Сондай-ақ, WhatsApp арқылы сілтемелер тарату тәсілі де кеңінен таралған. Вирустық сілтемелер арқылы алаяқтар қолданушылардың аккаунттарын бұзып, жақындарынан ақша сұрайтын жалған хабарламалар жібереді. Тіпті туыстарыңыздың дауысын өзгертіп, жол апаты немесе құқық қорғау органдарымен байланысты мәселелерге ұшырады деп, мәселені шешу үшін ақша талап ету жағдайлары да кездесуде.

Цифрлық технологиялардың дамуы қылмыстық әрекеттердің де күрделене түсуіне әсер етіп, интернет алаяқтары азаматтардың қаражаттарын жымқыру үшін жаңа амалдарды қолданып келеді. Қазірдің өзінде алаяқтар қылмыстық жолмен табылған қаражаттарды ел тұрғындарының банктік карталарына аударып, оны банкоматтардан шештіру, кейін электронды ақшаға айналдыру тәсілдерін қолдануда. Ал соңғы уақытта олар қаражатты тікелей халықаралық криптовалюта биржаларына (Binance, Bybit, OKX) аудартып, осы қаражатты шетелдік шоттарға шығарып алуға көшуі жиіледі.

Алаяқтардың әрекетін тоқтату және алдын алу мақсатында құқық қорғау органдары белсенді жұмыс атқаруда. Мәселен, аудандық құрылымдарға күнделікті алдын алу шараларын жүргізу тапсырылып, олардың нәтижесі қатаң бақылауға алынған. Сонымен қатар, 2024 жылдың 22 қазанынан бастап, «Шымкент реклама» ЖШС-мен бірлесіп, қаланың барлық LED экрандарында күніне 300 рет «Тоқта, интернет-алаяқтық!» тақырыбында бейнероликтер көрсетілуде.

Әлеуметтік желілерде де ауқымды ақпараттық жұмыстар жүргізілуде: 600-ден астам ескерту суреті, 100-ден астам бейнеролик және 300-ден астам парақша жарияланды. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарында 369 мақала жарық көріп, оның 12-сі республикалық басылымдарда жарияланған.

Дегенмен, интернет алаяқтары заман талабына сай әрекет етуді жалғастырып, азаматтардың ақшасын жымқырудың жаңа әдістерін ойлап табуда.

Құқық қорғау органдары алаяқтықтан сақтануға шақырады және азаматтарға күмәнді ұсыныстарға сақ болуды ескертеді!

«ANYQ.KZ-ақпарат»

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin