Бүгін аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен 15 қараша — Ұлттық валюта күніне орай, бұқаралық спортты дамыту мақсатында мемлекеттік мекеме қызметкерлері арасында кіші футболдан аудандық жарыс өткізілді.
Жарысқа жалпы саны 13 команда қатысып, өзара кіл мықтыны анықтады. Атап айтар болсақ, Сауран ауданы әкімі аппараты, аудандық мәслихат, кірістер басқармасы, емхана, аудан әкімдігінің дербес бөлімдері мен ауылдық округтер әкімдері аппаратының қызметкерлері қатысты.
Жарыстың ашылуына аудан әкімінің кеңесшісі Мұхамеджан Жұмадуллаев қатысып, бұқаралық спортты дамытуда осындай жарыстардың көптеп өткізуін айта келе, спортты серік еткен жандарға сәттілік тілеп, сайыста тек мықталардың жеңіс тұғырынан көруіне игі тілегін жеткізді.
Жарыстың ережесіне сәйкес, аталмыш командалар 2 топқа бөлініп, өзара жарыс көрігін қыздырды. Сонымен сайыс нәтижесі бойынша өзгелерден озық ойын өрнегін көрсеткен ішкі саясат және мәдениет пен спорт мекемелерінен құралған командасы І орынды иеленді. Ал, жүлделі ІІ орынды тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы мен жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімдерінен құралған командасы иемденсе, жүлделі ІІІ орын аудан әкімі аппаратының қызметкерлеріне бұйырды.
Барлық жеңімпаз пен жүлдегерлерге аудан әкімінің арнайы дипломымен және қаржылай сый-сияпаттары тапсырылды.
Футбол демекші, кеше Сауран ауданында әуесқойлар арасында кіші футбол лигасының 2024-2025 жылдардағы күз-қыс маусымының ашылу салтанаты өтті. Жарысқа 12 ауылдық округтен жасақталған 18 командадан 200-ге жуық спортшы қатысуда. Бұл спорт додасы аудан көлемінде футболды дамытуға сеп болмақ. Осынау игі спорттық шараның ашылу салтанатына аудан әкімі Мақсат Таңғатаров арнайы қатысты.
— Бүгін ауданымызда ерекше маңызды күн орын алып отыр. Жастарды барынша спортқа баулу бағытында олардың арасынан таланттарды табу үшін спорттық шаралар көптеп өтуі тиіс. Чемпионатты өткізудің негізгі мақсаты кіші футболды дамыту және насихаттау, әуесқойлар арасында үздіктерін анықтау және салауатты өмір салтын қалыптастыру болып табылады, — деген аудан әкімі Мақсат Асылбекұлы жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
Шараға арнайы келген қонақтар сөз сөйлеп, чемпионаттың басталуымен құттықтап, талантты футболшылар ауылдан шығатынын айтты. Сондай-ақ, жарыста кіл мықтылардың жеңіске жетуіне тілекші екенін білдірді.
Аудан көлеміндегі ұйымдастырылған кіші футбол чемпионаты алдағы 3 ай көлемінде командалар өзара бақ сынып, жеңімпазды анықтайтын болады. Жеңіске жеткен үздік аяқ доп шеберлерінен құралған команда республикалық әуесқойлар чемпионатында ауданның намысын қорғайтын болады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.