Шымкент: Жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруды көздеген кездесу өтті

Жастардың қоғамдағы рөлі, олардың құқықтық мәдениеті — бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Осы орайда Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде «Құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесі» тақырыбында арнайы кездесу өтті. Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, іс-шараға құқық қорғау органдарының өкілдері, университет оқытушылары мен студенттері қатысты. Бұл кездесу еліміздің Бас прокуратурасының тапсырмасы бойынша жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында ұйымдастырылды.

Шара барысында жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заң бұзушылықтардың салдарын түсіндіру және олардың алдын алу жолдары талқыланды. Студенттерге құқықтық жауапкершілік туралы нақты ақпарат беріліп, құқық бұзушылықтың өмірге тигізетін зардаптары нақты мысалдармен көрсетілді.

Шымкент қаласы прокурорының аға көмекшісі Қайсар Қалдабаев жастар арасындағы қылмыстың 4,2 пайызға артқанын атап өтті. Ол, әсіресе, синтетикалық есірткі саудасы және әлеуметтік желілер арқылы алаяқтық жағдайларының жиілеп кеткеніне тоқталып, бұл үшін ауыр жазалар қарастырылғанын ескертті. Сонымен қатар, құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында қалада 71 мобильді топ құрылып, 469 рейдтік шара ұйымдастырылғанын және 4800-ден астам түнде бей-берекет жүрген жасөспірімдердің анықталғанын айтты.

Кездесуге арнайы шақырылған бокстан Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген спорт шебері Біржан Жақыпұлы жастарды зиянды әдеттерден аулақ болуға шақырып, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын айтты.

Бұл сияқты іс-шаралар жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға, сондай-ақ қоғамдағы құқық бұзушылық деңгейін төмендетуге ықпал ететіні сөзсіз.
Іс-шара барысында «Жастардың құқықтық мәдениетін арттыру жолдары» тақырыбында Қайсар Қалдабаев баяндама жасады. Өз сөзінде ол жастар ерекше әлеуметтік-демографиялық топ ретінде қоғамның ерекше назарын талап етеді, олар болашақтың бейнесін қалыптастырады және оларға қоғамның дамуы үшін жауапкершілік жүктелетінін айтты.

Жастардың құқықтық мәдениеті бірнеше элементтерді қамтиды: заңның өзі, құқықтық сана, құқықтық қатынастар, заңдылық пен құқық тәртібі, заң шығару, құқық қолдану және қоғамдағы құқықтың қызмет ету саласындағы басқа да қызмет түрлері.

Іс-шара соңында қатысушылар құқықтық тәрбие бойынша осындай мақсатты жұмыс жүргізу жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және оларды азаматтық құқықтық санаға тәрбиелеу міндеттерін шешуге ықпал ететінін атап өтті.

«ANYQ.KZ-ақпарат»

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin