Түркістан облысы: «Kultobe» медиа студиясы ашылды

Түркістан облысы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ жанынан құрылған «Kultobe» медиа студиясы ашылды. Салтанатты шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастығы Болат Қалмұрзаев, Облыстық мәслихат депутаты Алмас Алтайұлы Салимов, Түркістан облысы ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов медиаорталықтың тұсауын кесіп, игі бастамаға сәттілік тіледі.

«Kultobe» медиа студиясы өңірдегі рухани жаһандану, шығармашылық еркіндікті қолдау және жастар арасындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған ауқымды жобаларды жүзеге асыруды мақсат етеді. Бұл тек медиа саласын ғана емес, жалпы өңірдің руханиятын байытуға да өз үлесін қосады.

Студия арқылы ұлттық ұстанымдарды дәріптеу және насихаттау, дін мен дәстүрге арналған подкастар, танымдық хабарлар, эксклюзивті сұхбаттар, ақпараттық материалдар әзірлеу, қоғамдағы өзекті мәселелерге дер кезінде жауап беру көзделген.

Руханият дегеннен шығады, Ел Президенті креативті индустрияның дамуы туралы «Креативті экономика дарынды әрі шығармашыл адамдарды өзіне тартатын ірі қалалардың дамуына ықпал етуші күш» деп аймақтарда біртұтас инновациялық экожүйе құру қажеттігін атап өткен еді. Түркістан облысында өңір басшысының тапсырмасымен тиісті жұмыстар атқарылуда. Осы ретте ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Қазпошта» АҚ арасында креатив саланың дамуына тың серпін беретін әріптестік меморандумы аясында Түркістандағы «Қазпошта» ғимаратында «ÓzgeEpic» креатив хабының ресми ашылу салтанаты өтті.

Бәсекеге қабілетті заманауи қазақ өнерін дамыту және қоғамның мәдени санасын арттыру, сонымен қатар дарынды, зияткер жастарға қолдау әрі тәлімгерлік көрсету мақсатында ұйымдастырылған шараға ҚР Парламенті сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Креативті индустриялар департаментінің басшысы Гүлісхан Нахбаева, «Қазпошта» АҚ Басқарушы директоры Ержан Қазанбаев қатысты.

«ÓzgeEpic» креатив хабының Түркістанда ашылуы аймақтың шығармашылық әлеуетін дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашып, мәдениет пен креативті индустрияның өркендеуіне серпін береді.

Шара барысында облыс әкімінің орынбасары сөз сөйлеп, бүгінгі жиынның ел руханиятын өсіруге ықпалы мол екенін айтты.

– Қазір азаматтардың шығармашылық әлеуетіне, зияткерлік капиталына басымдық беретін кезең. Өйткені бұл – креативті индустрияның қайнар көзі. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда шығармашыл азаматтардың басын біріктіретін орталық құру маңызды деп атап өткен болатын. «ÓzgeEpic» креатив хабының әлемдік өре сайысында ұлттық құндылықтарымыздың, қазақ халқының зияткерлік әлеуеті танылуы үшін еңбек етері сөзсіз. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, креативті индустрия тұтас мемлекеттердің болмысын айқындайтын, ұштайтын бірегей салаға айналып келеді. Бүгінде барлық ел креатив салаларды даму стратегиясының маңызды бөлігі әрі экономикалық табыс көзі ретінде дамытып жатыр, – деді ол.

Өнер кеңістігінің ашылу салтанатында Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова «ÓzgeEpic» креатив хабы мен университеттің бірлескен жобаларын таныстырды.

Сондай-ақ ресми ашылу рәсімі аясында Canon компаниясы «ÓzgeEpic» креативті хабының қолдауымен көру қабілеті нашар адамдар мен көру қабілеті қалыпты адамдар арасындағы шекараны жоюға бағытталған «Көрінбейтін әлем» көрмесі ұйымдастырды. Бұл бастама инклюзивтілікке және заманауи өнер мен технологиялардың қабылдау айырмашылықтарына қарамастан адамдардың өнер аясында біріге алатындығын көрсететін маңызды қадам болмақ. Елімізде шамамен көру қабілеті нашар 160 мың адам бар.

«ÓzgeEpic» креатив хабы 2019 жылы еліміздегі алғашқы әлеуметтік-мәдени кеңістік ретінде құрылған болатын. Түркістан қаласында 2022 жылдан бері тұрақты түрде жұмыс істеп келеді.

Жалпы, өңірде діни идеология мәселесіне жауаптылар ерекше ден қойған. Соның бір дәлелі, Түркістанда «Бірлігіміз – әралуандықта» жобасы аясында «Тұзақтағы тағдырлар» фильмінің көрсетілімі өтті. Игі шара Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-і мен облыстық дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің бірлесе ұйымдастырылды.

Көрсетілімге Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, облыстық дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы, облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушылар Жанат Жұмадуллаева және Тамара Ерімбет, фильмнің басты актерлері мен режиссері Қуаныш Данияр, Мұқағали Әбдішәріп, Махамбет Балтабаев, сондай-ақ оқушылар мен белсенді жастар қатысты.

Шара барысында облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев сөз алып, өскелең ұрпақты радикализм індетінен сақтандыру маңызды міндет екенін тілге тиек етіп, бұл туындының жастарды туған елі мен жерін құрметтеуге және отансүйгіштікке үндейтін мән-мағынасы зор фильм екенін атап өтті.

Аталған фильм өңірімізде діни тұрақтылықты қамтамасыз ету, конфессияаралық келісімді нығайту, қоғамдағы этоннаосаралық бірлік пен келісімді сақтау және жастар арасындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

Фильмде қоғамдағы өзекті мәселелер көрініс тапқан, яғни өзге елде діни білім алуға құштар жастарды теріс пиғылды ағымдардың ықпалынан сақтау, ұлттық ұстанымдарды дәріптеу жайы баяндалады.

Іс-шарада марапаттау рәсімі ұйымдастырылып, аталған фильмнің шығармашылық тобына Алғыс хаттар табыс етілді. Сонымен қатар шығармашылық ұжым Түркістан облысының дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің жанынан ашылған «KULTOBE» медиа студиясымен танысты.

Орайы келгенде айта өтейік, Түркістан облысында «Үздік ақпараттық-түсіндіру тобы – 2024» байқауының жеңімпаздарының марапаттау жиыны өтті. Іс-шараның мақсаты – шығармашылықпен жұмыс істейтін дін саласындағы мамандарды анықтау, қолдау көрсету, жұмыс тәжірибелерін зерделеу және білім жетілдіруге ынталандыру.

Аталған шараға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, номинация иегерлерін құттықтады.

– Мемлекет басшысының және облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының тапсырмасымен, дін істері басқармасының ұйымдастыруымен өңірімізде ауқымды жобалар жүзеге асырылып келеді. Елімізге танымал дін ғалымдары, өнер, спорт, мәдениет саласының өкілдері мен қоғамдық пікір көшбасшылары барлық қала, аудандарда болып, халықпен кездесулер, сұхбаттар ұйымдастырылды. Жалпы 4 мыңнан астам кездесу өткізіліп, оған 400 мыңға жуық облыс тұрғыны қатыстырылды. Биыл облыстық дін істері басқармасы «Үздік ақпараттық-түсіндіру тобы» байқауын екінші рет өткізіп отыр. Алдағы жылдары да осы байқау өз жалғасын табады деп ойлаймын. Осы салаға жауапты азаматтар келер жылы да аталған жұмыстарды сапалы әрі нәтижелі орындайды деп сенемін, – деді Ертай Кенжебекұлы.

Мемлекеттік саясатты және ұлттық құндылықтарды насихаттауда, қоғам өміріне белсене араласып, діни тұрақтылықты қалыптастыруда зор үлес қосып келе жатқан дін мамандары мен діни қызметкерлер 10 номиция бойынша жеңімпаз атанды. Атап айтсақ, «Үздік ақпараттық түсіндіру тобы» номинациясымен Сайрам ауданы, «Үздік дін маманы» номинациясымен – Бахтияр Әбуов, Қалдыбек Әшірбаев, «Үздік бұқаралық ақпарат құралы» номинациясымен – «Отырар алқабы» газеті, «Үздік мақала» номинациясымен – Рахымжан Алтынбеков, «Үздік қарсы насихат парақшасы» номинациясымен – Арыс қаласы мен Сайрам ауданы, «Үздік зияткер имам» номинациясымен – Үсен Саурбаев, «Үздік дінтанушы» номинациясымен — Асылхан Данияров, «Үздік теолог» номинациясымен Шолпан Досанбаева марапатталды. Әр номинацияға қаржылай сыйлықтар табысталады. Сонымен қатар байқауға қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары мен алғыс хаттар берілді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin