
Сауран ауданында нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылды үйлестіру жөніндегі аудандық ведомствоаралық штабтың кезекті отырысы өтті.
Отырысқа штаб мүшелерімен қатар ауылдық округ әкімдері, бөлім басшылары, құқық қорғау органдары мен салаға қатысты мекеме өкілдері қатысты. Күн тәртібінде нашақорлықтың алдын алу, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, мектептер мен оқу орындарында профилактикалық шараларды күшейту мәселелері қаралды.
Жиын барысында Түркістан облыстық Полиция департаменті Сауран аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі, полиция капитаны Нұрдәулет Алибек баяндама жасап, аудандағы ахуалға қатысты нақты деректерді ортаға салды. Ол нашақорлыққа қатысты тіркелген құқықбұзушылықтар, олардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен туындап отырған мәселелер бойынша нақты ұсыныстарын жеткізді.
Сонымен қатар, бірқатар бөлім басшылары мен мекеме өкілдері де өз салалары бойынша баяндама жасап, пікір алмасты. Қатысушылар нашақорлықтың алдын алуда бірлескен әрекет пен ақпараттық түсіндіру жұмыстарының маңыздылығына тоқталды.
Отырысты қорытындылаған штаб төрағасы, аудан әкімінің орынбасары Серік Садибаев барлық ұсыныс-пікірлерді назарға алып, салалық бөлімдер мен тиісті органдарға нақты тапсырмалар жүктеді. Ол жастарды есірткіге тәуелділіктен сақтау бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін айтып, бұл бағыттағы жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.