Түркістан облысы: Созақ ауданындағы Асқар Сүлейменов атындағы білім ордасында ардагер ұстаздардың құрметіне дәрісханалар ашылды

Аудан орталығында орналасқан Асқар Сүлейменов атындағы жалпы білім беретін мектепте ардагер ұстаздардың ерен еңбегін ұлықтап, есімдерін мәңгі есте қалдыру мақсатында тағылымы мол шара ұйымдастырылды. Ізгілікті іс аясында мектептің бірқатар дәрісханалары жаңғыртылып, білім саласында ұзақ жылдар бойы тер төккен ардагер ұстаздардың атымен аталды.

Атап айтқанда, мемлекеттік қызмет пен білім беру саласында еселі еңбек еткен Төлеген Ізбалаұлы атындағы тарих дәрісханасы мен Қазақ ССР Халыққа білім беру министрлігінің, сондай-ақ ҚР Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталған Ата Егенов атындағы оқу залы ашылды.

Шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ардагер ұстаздардың білім саласындағы өлшеусіз үлесін атап өтіп, жас ұрпаққа өнеге боларлық бастаманың маңыздылығына тоқталды:

– Ұстаз – ұлттың ұлы тұлғасы. Ардагер ұстаздарымыздың атымен аталған дәрісханалар – олардың ұрпақ тәрбиелеудегі еңбегіне деген тағзымымыз. Бұл — болашақ буынға бағыт-бағдар, рухани сабақ болады деп сенемін. Осындай тәрбиелік мәні зор шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба береді, – деді аудан басшысы.

Салтанатты шарада Түркістан облысының Құрметті азаматы Сексенбай Тұрысбеков және білім саласының ардагері Жолдасбек Талымов сөз алып, ұстаздық жолдың маңыздылығына тоқталды. Өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Олар жастарға рухани мұра қалдырған аға буын ұстаздардың еңбегін жоғары бағалап, жүрекжарды тілектерін білдірді.

Шараға ардагерлер ұстаздардың замандастары мен жақындары да қатысып, елге үлгі болған ұлағатты тұлғаларға деген құрметтерін білдірді.

Естеріңізде болса, биыл наурыз айында аудан орталығында орналасқан Асқар Сүлейменов атындағы жалпы білім беретін мектепте еңбек ардагері Әуезхан Қарауылұлының ерен еңбектерін ұлықтау мақсатында тағылымды шара ұйымдастырылған-ды. Шара аясында Әуезхан Қарауылұлының есімімен аталған жаңа шахмат кабинеті ашылып, қажетті технологиялық құрал-жабдықтармен толықтырылды.

Шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысып, ұстаздар қауымына деген шексіз құрметі мен алғысын білдірді. Жаңа дәрісхана болашақ шахматшылардың шығармашылық ойлау қабілетін дамытып, облыс, республика және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге жетуіне сенім білдірді.

Сонымен қатар, аудандық мәслихаттың төрағасы Ордабек Жәмиев ізгі тілегін арнап, ауыл қариясы Мәми Дадабеков Әуезхан Қарауылұлының өмірлік тәжірибесі мен еңбек жолы жайлы сөз қозғап, қоғамға қосқан үлесін атап өтті.

Ардагер демекші, аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы аясында аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Ардагерлер ән салады» атты ән байқауы өтті. Шараға аудан ардагерлері белсене қатысып, жеке орындаушылар мен хор ұжымдары өз өнерлерін ортаға салды.

Шараның ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Алтын Күнтуқызы құттықтау сөз сөйледі. Байқаудың маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов ізгі тілегін білдіріп, өнер көрсетушілерге шығармашылық табыс тіледі.

Патриоттық әндерге негізделген байқауға қатысушылар тыңғылықты дайындықпен келіп, байқау өте тартысты өтті. Қазылар алқасының шешімі бойынша жеңімпаздар келесідей анықталды:

Хор ұжымдары арасында:

  • І орын – Қарағұр ауылдық округі
  • ІІ орын – Қаратау ауылдық округі
  • ІІІ орын – Құмкент ауылдық округі
  • «Үздік хор ұжымы» номинациясы – Шолаққорған ауылдық округі
  • «Белсенді хор ұжымы» номинациясы – Шу ауылдық округі

Жеке орындаушылар арасында:

  • І орын – Роза Әділбекова (Құмкент ауылы)
  • ІІ орын – Балшекер Сәулетова (Қарағұр ауылы)
  • ІІІ орын – Бауыржан Құлтаев (Қаратау ауылы)
  • «Үздік әнші» және «Белсенді әнші» номинациялары – Қошқарбай Садуахасов (Шолаққорған ауылы), Мария Исмайлова (Шу ауылы)

Байқау соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен сый-сияпаттар табысталды. Шара ардагерлердің өнерге деген сүйіспеншілігін, патриоттық рухын паш етіп, көрермендерге керемет әсер сыйлады.

Бұдан бөлек «Белсенді ұзақ өмір және тең қоғам» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында Ұлы Отан соғысының жеңісіне 80 жыл толуына орай аудан ардагерлері арасында билярдтан турнир ұйымдастырылды.

Ашылу салтанатында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ізгі тілегін арнап, жарысқа қатысушы ардагерлерге сәттілік тіледі. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов соғыс кезіндегі ата-бабаларымыздың ерлігін ұрпаққа жеткізіп, насихаттау қажет екенін айтып, жарыс ережелерімен таныстырып өтті.

Турнирге аудан аумағындағы ауылдар мен елді мекендерден келген 50-ге жуық ардагерлер қатысты. Жарысқа қатысушылар 63-70 жас аралығындағы ардагерлер 1-топ, 70 жастан асқан қариялар 2-ші топ болып өзара бақ сынады.

Жалпы, теріскейде ардагерлерге деген ықылас ерекше. Мәселен, Созақ ауданында аудандық ардагерлер кеңесінің кезекті VII пленумы өткен. Пленумға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, аудандық мәслихаттың төрағасы Ордабек Жәмиев, сондай-ақ аудандық бөлім, мекеме басшылары мен аудан тұрғындары қатысты.

Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов Мемлекет басшысы «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» деген тақырыпта берген сұхбаты мен 2024 жылы ардагерлер кеңесінің атқарған жұмыстарын және алдағы уақытта жоспарлап отырған іс-шаралары жөнінде мәлімет берді.

Өз кезегінде сөз алған аудан ардагерлері атқарылған жұмыстарға жоғары бағаларын беріп, ардагерлер кеңесінің жұмысын алға қарай дамытуға бағытталған ұсыныстарын білдірді. Ұсыныс-пікірлерін ашық әрі жан-жақты айтып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосатын үлестері мен тәжірибелерін ортаға салды.

Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ардагерлердің елдің бірлігі мен қоғамның тұрақтылығы жолында атқарып жатқан еңбектеріне жоғары баға беріп, алғысын білдірді. Ардагерлердің еліміздің дамуына қосқан үлесі мен тәлімгерлік рөлінің маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар, аудандық мәслихаттың төрағасы Ордабек Жәмиев сөз сөйлеп, ардагерлер кеңесінің жұмысына қолдау көрсетіп, ардагерлердің қоғамдағы орны мен рөліне ерекше тоқталды.

Жиын соңында күн тәртібіндегі мәселелерді талқылай келе, аудандық ардагерлер кеңесінің пленум мүшелері дауысқа салып, қаулы қабылдады. Бұған қоса қоғамдық шараларға белсене атсалысқан бірқатар ардагерлер марапатталды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You