
Жазғы белсенділік – салауатты өмір салтының бастауы. Түркістан қалалық Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының бастамасымен Керей хан көшесіндегі ашық спорт алаңында жазғы демалысқа арналған кең көлемді спорттық іс-шара ұйымдастырылды.
Аталған шараға 150-ге жуық жас спортшы қатысып, өздерінің шеберлігі мен жылдамдығын сынға салды. Балалар футбол, стритбол, ләңгі тебу, секіргішпен секіру сынды түрлі спорт түрлері бойынша жарысып, ерекше ынтамен белсенділік көрсетті.
Іс-шараның басты мақсаты – жаз мезгілінде балалар мен жасөспірімдердің уақытын пайдалы әрі қызықты өткізуге жағдай жасау, сондай-ақ салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал ету. Спорт – тек денсаулық кепілі ғана емес, достық пен ұйымшылдықтың да негізі екенін тағы бір дәлелдеген күн болды. Жеңіске жеткен қатысушылар мен белсенді балаларға арнайы марапаттар табысталып, олардың спортқа деген ынтасы мен еңбегі ескерусіз қалмады.
Жаз – сергектікке серпін беретін кезең. Ал спорт – болашақ жеңістердің бастауы!
Түркістандық жас спортшылар бұл жолы да белсенділік танытып, жазғы күндерді жарқын әсерлерге толтырды.
Бұдан бөлек Түркістан қалалық Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының ұйымдастыруымен Шауғар секторындағы Абылай хан көшесінде орналасқан ашық алаңда да «Жазғы демалыс – спортпен!» атты кең ауқымды спорттық шара өтті.
Жүзден астам жас спортшы бір алаңға жиналып, жазғы күннің шуағына толы осы сәтті шынайы жарыс рухымен безендірді. Қатысушылар футбол, стритбол, ләңгі тебу, секіргішпен секіру сынды түрлі ойын түрлерінде бақ сынасып, өзара мықтыны анықтады.
Шараның басты мақсаты — балалар мен жасөспірімдердің белсенділігін арттырып, жазғы демалысты тиімді әрі пайдалы өткізуге жол ашу. Спорт арқылы достықты нығайтып, салауатты өмір салтын насихаттау.
Жеңімпаздар мен белсенді қатысушыларға арнайы жүлделер табысталып, олардың еңбегі лайықты түрде марапатталды.
Алаңдағы әр қадам – денсаулыққа қадам, әр жарыс – жеңіске жол! Жас спортшылардың бұл бастамасы – болашақ чемпиондарға бастар жол!
Сонымен қатар Түркістан қалалық Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының ұйымдастыруымен 2013 жылы туылған жасөспірімдер арасында футболдан тартысты топтық жарыс өтті. Жарыстың басты мақсаты – жас жеткіншектердің спортқа деген қызығушылығын арттырып, талантты аяқдопшыларды анықтау және қолдау көрсету.
Жазғы демалысты пайдалы өткізуге бағытталған бұл жарыс жас футболшылардың өнерін паш еткен алаңға айналды. Командалар ширақ қимылдап, жанкештілік танытты, әр ойында шынайы тартыс, жасыл алаңдағы жігер байқалды.
Топтық кезең нәтижесі бойынша:
- 1-ші орынды – Жібек жолы командасы,
- 2-ші орынды – Шауғар секторы командасы,
- 3-ші орынды Аша командасы еншіледі.
Айта кету керек, бұл футбол бәсекесі — “Жазғы демалыс — спортпен” атты ашық алаң ойындарының бір бөлігі. Алдағы уақытта 2014 және 2015 жылғы жасөспірімдер арасында топтық бәсекеде өтеді. Одан бөлек, түрлі спорт түрлерінен жарыстар жүйелі түрде ұйымдастырылып, балалар мен жасөспірімдердің спортқа деген ынтасы мен қабілеті шыңдала бермек.
Жас ұрпақ – жарқын болашақтың кепілі, ал спорт – сол жолдағы сенімді серік!
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
