Түркістандық спортшы бокстан халықаралық жарыста алтын медальмен оралды

Нидерланд елінің Эйндховен қаласында өткен «Eindhoven Box Сup» халықаралық турнирі мәресіне жетті. Байрақты бәсекеде Қазақстан Ұлттық құрамасының сапында ел намысын қорғаған түркістандық Нұрлан Сапарбай аса ауыр салмақта бақ сынап, алтын медаль иегері атанды. Ол ақтық сында германиялық Деннис Охиодан айласын асырып, үздік атанды.

Ал 90 келіде қолғап түйістірген Сағындық Тоғамбай қола медальді қанағат етті. Ол жартылай финалда өзбекстандық боксшы Турабек Хабибуллаевқа есе жіберіп алды.

Айта кетейік, «Eindhoven Box Cup» – Еуропадағы ең беделді әуесқой бокс турнирлерінің бірі. Қазақстан Ұлттық құрамасының былғары қолғап шеберлері аталған жарыстан 5 алтын, 3 қола медальді қоржынға салды.

Осы орайда еске салар ақпарат, Түркістан қаласының «Ерекше мәртебе туралы» Заң аясында 13-15 маусым аралығында қазақ күресінен 2012-2013 жылы туған жасөспірімдер арасында Түркістан облысының чемпионаты өтеді.

Чемпионаттың негізгі мақсаты – ұлттық спортты дамыту, жас спортшылар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және болашақ чемпиондарды анықтау.

Жарысқа Түркістан облысының 15 өңірінен 300-ден астам жас спортшы қатысады. Атап айтқанда, Арыс, Кентау қалалары мен Шардара, Сауран, Түлкібас, Төлеби, Ордабасы, Бәйдібек, Жетісай, Мақтаарал, Келес, Сарыағаш, Қазығұрт, Сайрам аудандары және Түркістан қаласы құрамалары өзара бақ сынайды.

Байланыс телефоны: +7 (000) 000 00 00.

Электрондық пошта: info@sportturkistan.kz.

Мекенжайы: Түркістан қаласы, Б.Саттарханов спорт кешені.

Орайы келгенде атап өтейік, Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қала аумағындағы маңызды әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, ондағы құрылыс және абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты. Аралау барысында М.Мақатаев көшесінде орналасқан жаңа спорт кешенінің құрылыс барысын арнайы барып көрді.

Қазіргі таңда нысанда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Түркістан қаласы әкімдігінің Құрылыс бөлімінің тапсырысы негізінде бой көтеріп жатқан спорт кешенінің авторлық қадағалауын – «Сәулет-2050» ЖШС, ал техникалық қадағалауын «ROYAL COMPANY» ЖШС жүзеге асыруда.

Спорт кешенінің жалпы құрылыс алаңы 826 шаршы метрді құрайды. Құрылыс жұмыстары шілде айында аяқталып, тамыз-қыркүйек айларында толық пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы құрылыс барысымен танысу барысында мердігер мекемеге бірқатар нақты тапсырмалар берді.

«Қала тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Сондықтан спорттық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы әрбір жоба – тек құрылыс нысаны ғана емес, болашақ ұрпақтың денсаулығына жасалған инвестиция деп қарауымыз керек», – деді қала басшысы.

Сонымен қатар, Әзімбек Пазылбекұлы нысан құрылысын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Құрылыс барысында барлық қауіпсіздік талаптары мен техникалық нормалардың қатаң сақталуы тиіс екенін де ерекше атап өтті.

Айта кетейік, қазіргі таңда қаламызда 5 спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Оның екеуі шілде айында пайдалануға берілсе, қалған үшеуінің құрылысы эыл соңына дейін толық аяқталады деп жоспарланған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You