Түркістан облысы: Созақ ауданына сенаторлар жұмыс сапарымен келді

Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Әли Бектаев, Мұрат Қадырбек және Алишер Сатвалдиев ауданға арнайы жұмыс сапарымен келді.

Сапар барысында халық қалаулылары аудан орталығында бой көтеріп жатқан 200 орындық заманауи «Спорттық-сауықтыру кешенінің» құрылыс жұмыстарымен танысты. Жауапты сала мамандарымен және мердігер ұйым өкілдерімен кездесіп, спорт залдары, бассейн, волейбол және футбол алаңдарының құрылысы мен сапасына назар аударды.

Кейін аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында аудандық мәслихат депутаттарымен кездесу өтті. Жиын барысында Сенатта қабылданып жатқан заңдар мен ел көлемінде жүзеге асырылып жатқан реформалар туралы жан-жақты түсіндірілді.

Кездесу аясында жергілікті тұрғындардың өзекті мәселелері де назардан тыс қалмады. Мәслихат депутаттары тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерді сенаторлар тиісті министрліктерге жеткізіп, депутаттық сауал арқылы бақылауға алатындарын айтты.

Бұдан бөлек бүгін ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Әли Бектаев, Мұрат Қадырбек және Алишер Сатвалдиев жұмыс сапары аясында аудандағы «Казатомпром-Sauran» ЖШС кәсіпорнында болды. Сенаторлар уран өндіру көлемі мен технологиялық үдерістер, еңбек жағдайы және қауіпсіздік шараларымен танысты. Кейін кәсіпорын ұжымымен өткен кездесуде маңызды заңнамалық өзгерістер мен мемлекеттік реформалар жайлы кеңінен баяндалды.

Жиынды аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов ашып, жүргізді. Сенат депутаты Мұрат Қадырбек өз баяндамасында жаңадан қабылданған су кодексі, бюджет және салық кодексі, әкімшілік реформалар, құқық, білім және денсаулық саласындағы заң жобаларына тоқталды. Сонымен қатар, Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы заңның маңызын атап өтті.

Ұжым мүшелері заңнамалық өзгерістерге қатысты сұрақтарын қойып, ұсыныстарын ортаға салды. Депутаттар барлық мәселе толыққанды зерделеніп, тиісті министрліктерге депутаттық сауал арқылы жолданатынын жеткізді.

Айта кетейік, «Казатомпром-Sauran» ЖШС 2006 жылы құрылған. Табиғи уран өндірумен айналысатын жетекші кәсіпорын саналады. Қазіргі таңда онда 1018 қызметкер жұмыс істейді. Олардың 95%-ын жергілікті тұрғындар құрайды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You