
Қырғызстан Республикасының астанасы – Бішкек қаласында шілде айының 5-9 күндері аралығында еркін күрестен 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында өткен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы сапында ел намысын қорғаған созақтық спортшы Мақсұт Ахмет 85 келі салмақ дәрежесінде күміс жүлдеге ие болды.
Халықаралық додада Мақсұт өзінің мықты дайындық пен шеберлігін танытып, алғашқы белдесулерінің барлығын айқын басымдылықпен аяқтады. Алғашқы қарсыласы – Моңғолия палуанын 10:0 есебімен жеңсе, кейін Өзбекстан және Қырғызстан елінен келген балуандарды да дәл осы есеппен ұтты. Жапон спортшысымен болған шешуші кездесуде де үстемдік танытып, финалға жолдама алды. Ақтық сында Үндістан палуанымен кездесіп, күміс жүлдені қанжығасына байлады.
Мақсұт Ахмет – Созақ аудандық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі. Ол биыл сәуір айында Қарағанды қаласында өткен Қазақстан чемпионатында жеңіске жетіп, Азия чемпионатына жолдама алған болатын.
Жас спортшының жаттықтырушысы – еркін күрестен бірнеше чемпион тәрбиелеген тәжірибелі бапкер Бейсембаев Бақытжан. Ол ұзақ жылдар бойы балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға сүбелі үлес қосып келе жатқан білікті маман болып табылады.
Еске салайық, осы сында еркін күрестен жалғыз алтын жүлде 125 келіге дейінгі салмақта Едіге Қасымбек жеңіп алды. Ал Нұрданат Айтанов (57 келіге дейін), Камиль Куруглиев (97 келіге дейін) күміс медальге ие болса, Досжан Құл-Ғайып (74 келіге дейін) пен Алан Оралбек (61 келіге дейін) қола жүлдені қанағат тұтты. Сонымен бірге әйелдер күресінен Анна Стратан (57 келіге дейін) мен Мейрамгүл Мақсот (72 келіге дейін) үшінші орыннан көрінді.
Бұған дейін грек-рим күресінің балуандары 2 алтын, 1 күміс, 3 қола медаль жеңіп алған еді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.