
Темір ауылдық мәдениет үйінде «Діни сауаттылық – тұрақты қоғам кепілі» тақырыбында жиын өтіп, жиында театрландырылған қойылым көпшілік назарына ұсынылды. Аудандық мәдениет сарайының өнерпаздары дайындаған «Домбыра – халқымыздың асыл қазынасы» тақырыбындағы қойылым көпшілікке үлкен ой салып, тақырыпты аясындағы сұхбаттың ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүр, тәрбие аясында өрбуіне септігін тигізді.
Іс-шараны Темір ауылдық мәдениет үйінің директоры Абылайхан Иса жүргізіп, келген қонақтарды көпшілікке таныстырды. Жиында аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ғалымжан Сәрсеков жасөспірімдер мен жастар арасында діни экстремизмнің алдын алу бағытындағы жұмыстардың маңыздылығын атап өтіп, дін мен дәстүр сабақтастығы туралы әңгімелеп берді. Сондай-ақ, Темір ауыл округінің әкімі Ақарыс Жүсіпұлы көріністен алған әсерімен бөлісіп, жастардың болашағы жарқын болуы үшін осындай тәрбиелік мәні бар шараларды бүгіннен бастауымыз керек екенін жеткізді.
Жиынға қатысушылар діннің шығу тарихына, халықтың салт-дәстүріне, ұлттық ерекшеліктеріне қатысты ой-пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ, Қазақстан демократиялық, зайырлы құндылықтарды ұстанатын ел және еліміздегі этностар өзінің мәдениетін, салт-дәстүрін сақтау мен дамытуына барлық жағдайлар жасалғандығы, дінаралық келісім мәдениеті толеранттылық, дінаралық келісім, төзімділік турасында әңгіме өрбіді. Жат діни ағымдар адам санасын улайтыны және осы арбаудан арылу жолдары туралы тереңінен түсіндіріліп, терроризм мен экстремизмнің алдын алу және онымен күресудің жолдары, елімізге келтіретін зардаптары жан-жақты талқыланды.
Кездесу соңында көпшілік аудандық мәдениет сарайының өнерпаздарына ризашылықтарын білдіріп, қошемет көрсетті.
Бұдан бөлек бүгін ауданда деструктивті діни ағымдардың алдын алу мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Кездесуге Түркістан облысы Дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Бауыржан Әбдірахман, аудандық ішкі саясат бөлімінің мамандары, тұрғындар қатысты.
Дін саласындағы тұрақтылықты сақтау, діни экстремизм мен теріс діни ағымдардың алдын алу, ұлттық құндылықтарды насихаттау, шетелде діни білім алу қауіптілігі жайлы түсіндіру мақсатында Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығында өткен жиын №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде, одан әрі Отырар ауыл округінде жалғасын тапты.
Кездесу барысында АТТ мүшелері тарапынан жастар мен ауыл тұрғындарына қоғамдағы теріс ағымдар және қандай жолдармен адамдардың қателесетіні жөнінде ақпарат берілді.
Діни білім алуды армандаған жастарға оны отандық діни оқу орындарында алғаны маңызды екені және қазіргі кезде ұялы телефонға, әлеуметтік желіге, яғни ғаламторға торға шырмалған халықтың, әсіресе жастардың діни сауатсыздығы мен білместігінен заңға қайшы келетін іс әрекеттер белең алатындығы, оның соңы қылмыстық жауапкершілікке апаратындығы туралы да айтып өтті.
Кездесудің соңында қойылған сұрақтарға теолог маман тарапынан толық жауап берілді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.