
Шымкент қаласы аумағында полиция қызметкерлері “Таза табиғат үшін аңшы және балықшы” акциясын өткізді. Іс-шараның негізгі мақсаты аңшылық алқаптар мен су айдындарын тұрмыстық қалдықтардан тазарту, азаматтардың табиғатты ластауына жол бермеу және қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру болып табылады.
Аталған бастама қоғамда “Заң мен Тәртіп” идеологиясын ілгерілетуге бағытталған. Акцияға мүдделі мемлекеттік органдар мен аңшылардың қоғамдық бірлестіктері, аңшылық шаруашылығы субъектілері мен балық аулау саласындағы қауымдастықтар, сондай-ақ экобелсенділер мен жергілікті тұрғындар қатысты. Мұндай іс-шаралар қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілікті арттырып, қоғамда Заң мен Тәртіпті нығайтуға, азаматтық сана мен экологиялық мәдениетті тәрбиелеуге септігін тигізері анық.
Аң демекші, Қазақстан Республикасының «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңына сәйкес, 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Шымкент қаласында үй жануарларын міндетті есепке алу рәсімі енгізілді. Есепке алуды ветеринарлық емдеу-профилактикалық қызметпен айналысатын жеке немесе мемлекеттік емес клиникалар мен жергілікті мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар жүзеге асырады.
Үй жануарларын есепке алу процесі ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы №169 бұйрығына сәйкес жүргізіледі және арнайы сәйкестендіру құралдарын (болюстер, чиптер, білезіктер, жағалар, шлейкалар, электрондық белгілер, құлақ сырғалар немесе татуировкалар) қолдану арқылы ақылы негізде іске асады. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін бұл қызмет бюджет қаражаты есебінен тегін көрсетілуі тиіс болғанымен, әзірге мұндай өтінімдер түспегендіктен, бюджеттен қаржы қарастырылмаған.
Қала аумағында жануарларды тіркеу kezekte.kz платформасындағы «TANBA» дерекқоры арқылы жүргізіледі. 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бері 2 мыңға жуық жануар (1492 ит, 476 мысық) тіркелсе, 2025 жылдың басында қосымша 130 ит пен 42 мысық дерекқорға енген. Есепке алу міндетті түрде иттер мен мысықтарды қамтиды, ал теңіз шошқасы, шиншилла, күзен, сәндік егеуқұйрық, тасбақа, ергежейлі шошқа, хомяк және маймыл сияқты жануарларды тіркеу ерікті түрде жүзеге асырылады.
Үй жануары өлген жағдайда оның иесі он күн ішінде бұл туралы жергілікті ветеринариялық ұйымға немесе тіркеу қызметін көрсететін клиникаға хабарлауға міндетті. Тіркеуден өтпеген жануар иелеріне ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексі бойынша айыппұл көзделген: жеке тұлғаларға – 10 АЕК, лауазымды адамдарға – 20 АЕК, заңды тұлғаларға – 30 АЕК мөлшерінде. Бүгінде қалада үй жануарларын тіркеуді жүзеге асыратын 9 ветеринарлық клиника бар. Олардың қызмет құны 5 000–12 000 теңге аралығында, бағаны тұрақтандыру мақсатында құзырлы органдарға хаттар жолданып, шаралар қабылданып жатыр.
Қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларды ізгілікті әдіспен реттеу үшін стерилизация (кастрация) мен чиптеу шаралары қолға алынған. Бұл жұмыстар «Ветеринариялық қызмет» МКК тарапынан 2025 жылдың шілде айынан басталып, жыл соңына дейін 4 000 ит-мысықты қамту жоспарланған. Мемлекеттік сатып алу порталы арқылы мердігер ұйым анықталып, олардың деректері де бірыңғай базаға тіркеледі. Бұл шаралар жануарларға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға, қаңғыбас жануарлардың санын азайтуға және қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлімдеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
