Шымкентте қоғамдық көлікте жанжал шығарғандардың үстінен қылмыстық іс қозғалды

Әлеуметтік желілерде Шымкенттегі №21 бағыттағы қоғамдық көлікте шу шығарған жолаушылардың видеосы кеңінен тарап кеткені мәлім. Осыған орай полиция олардың үстінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Ал автобус жүргізушілері жолаушылар тарапынан тәртіп бұзу жиі болатынын айтады.

Әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, кең таралған видеода ашуға булыққан екі әйелдің айқайын, балағат сөзін, соңында автобусты әлденемен ұрғанын байқауға болады. Видео желіде тарағанына көп өтпей-ақ полиция қылмыстық іс қозғағанын хабарлады. Тергеу амалдары басталған. Жанжалдың неден шыққаны анықталып жатыр.

«Аталған жайт бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу іс-шараларының кешені жүргізілуде. Тергеу барысында процессуалды шешім қабылданатын болады» — дейді Шымкент қалалық полиция департаментінің жауаптылары.

Автобус жүргізушілерінің айтуынша, қоғамдық көлікте әдетте жолаушылар қоғамдық тәртіпті жиі бұзатын көрінеді. Бірі балағаттайды, енді бірде бірімен-бірі сөзге келіп, шу шығарады. Бұл, әрине, жүргізушінің көңілін аударып, жол қауіпсіздігіне әсер ететіні анық.

Еске салайық, өткен айда Шымкенттегі «Бекжан» автовокзалы маңында жолақысын төлемеген жолаушы серіктерімен №52 бағыттағы автобус жүргізушісі, 34 жастағы Мақсат Жолаевты сабап, басын балғамен жарып, жағын карсетпен ұрып, жыртып кеткен-ді. Оқиға жолаушыға жолақысын төлеуді талап еткеннен кейін болған екен.

Жолаушы демекші, Шымкентте рұқсатсыз такси қызметін атқарғаны үшін әкімшілік айыппұл салынды. Дәлірегі, Шымкент қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында М. есімді азаматқа қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (ӘҚБтК) 463-бабының 1-бөлігімен әкімшілік іс қаралды.

2025 жылғы мамыр айында Шымкент қаласындағы Гидролиз көшесінің бойында М.-ның басқаруындағы «Nexia Ravon» автокөлігін полицейлер тоқтатып, тексерген. Нәтижесінде, М. рұқсатсыз такси қызметін атқарып, жолаушы тасымалдап келе жатқаны анықталған.

Сот отырысында М. өз кінәсін толығымен мойындап, әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамамен және басқа да іс материалдармен келісті.

Сот анықталған мән-жайларға сүйене отырып, М.-ны ӘҚБтК-нің 463-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танып, оған ӘҚБтК-нің 829-11-бабының 2-бөлігін қолдану арқылы 41 286 теңге әкімшілік айыппұл жазасын тағайындады. Сот қаулысы заңды күшіне енбеген.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You