
Шымкент қаласы Полиция департаментінің нұсқауына сәйкес, қала көлемінде атыс қаруымен, оның ішінде тіркелмеген атыс қаруымен жасалатын қылмыстардың алдын алу мақсатында, заңсыз айналымдағы қаруларды анықтап, тәркілеу бағытында 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды.
Атап өтер жайт, іс-шараның негізгі мақсаты – қала көлемінде заңсыз сақтаудағы қару мен оқ-дәрілерді тәркілеу, олардың сатып алу көздерін және заңсыз жеткізу арналарын анықтау. Сонымен қатар, заңсыз қару сақтап, алып жүретін тұлғалар мен ұйымдасқан қылмыстық топтарды анықтау, отты атыс қаруымен жасалатын қылмыстардың алдын алу, ескерту және оларды ашу арқылы жедел жағдайды тұрақтандыру болып табылады.
Сондай-ақ, учаскелік полиция инспекторлары қала аумағында тіркелген қару иелерін мекенжайы бойынша тексеру жұмыстарын жүргізеді.
«Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы 10 шілдеге дейін жалғасатын болады.
Сонымен қатар, қала тұрғындарының назарына: заңсыз қару-жарақ, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылмайтынын хабарлаймыз.
Атап өтер маңызды мәселе, Ішкі істер министрлігі қару-жарақ пен оқтарды заңсыз айналымнан алу бойынша жүйелі негізде жұмыс жүргізіп келеді. Айталық, биыл наурыз айының басында ел аумағында өткен «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасында «Үш күн ішінде 30-дан астам қару жасырылған жер анықталып, 360 түрлі атыс қару, 12 граната және үш мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленді. Сонымен қатар бұрын ұрланған жеті қару анықталды, оның төртеуі қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған. Бұдан бөлек, бұрын жоғалған алты қару тәркіленіп, 14 қару ерікті түрде тапсырылды», — дейді ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов. Шара барысында атыс қаруын заңсыз сақтау және алып жүрудің 120 фактісі анықталып, 200 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ішкі істер министрлігі азаматтарға қаруды кез келген уақытта ерікті түрде тапсыру мүмкіндігі бар екенін және бұл үшін ешқандай құқықтық салдар болмайтынын еске салады.
Ал, биыл 2-6 маусым аралығындағы республикалық «Қару» жедел-алдын алу іс-шарасының нәтижесінде заңсыз айналымнан 400 қару, сонымен қатар 2,5 мыңнан астам оқ-дәрі және алты жарылғыш зат алынды; 40 қару қоймасы анықталды; қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару және полицияның арнайы жабдықтары тәркіленді, оның ішінде екі «Калашников» автоматы, төрт тапанша, төрт мылтық, қызметтік бронежилеттер, каскалар мен щиттар бар; азаматтар тарапынан 87 қару өз еркімен тапсырылды.
«29 мыңнан астам азаматтық қару тексеріліп, 845 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция қызметкерлері 10 мыңнан астам шаруа қожалықтарын тексеріп, әртүрлі 65 қару тәркіледі», — дейді ІІМ криминалдық полиция департаменті бастығы Қанат Нұрмағамбетов.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
