Шымкент қаласындағы «Қарасора-2025» арнайы жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 61 қылмыстық құқық бұзушылық анықталды

Шымкент қаласы Полиция департаменті өңірде «Заң мен тәртіп» қағидасын қамтамасыз ету мен есірткінің заңсыз айналымымен байланысты құқық бұзушылықтардың жолын кесу бағытында жұмыстарды белсенді жалғастырып келеді. Есірткіге қарсы республикалық «Қарасора-2025» арнайы жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 1 айда есірткінің заңсыз айналымымен байланысты жалпы 61 қылмыстық құқық бұзушылық анықтады.

Тіркелгендердің 12-сі — есірткі заттарын өткізу, 13-і — есірткі өсімдіктерін егіп-өсіру және 2-і — есірткіні жарнамалау қылмыстары, ал 34-і — есірткіге қатысты қылмыстық теріс қылықтар. Қабылданған шаралар нәтижесінде өткен айда заңсыз айналымнан 29 келіден астам есірткі заттары тәркіленіп алынды. Оның 17 келіге жуығы – сора есірткі өсімдігі, 8 келіге жуық – синтетикалық есіркілер, 5 келіге жуық – марихуана есірткісі.

Маусым айында полиция қызметкерлері тарапынан аса ірі мөлшерде синтетикалық есірткілерді «жасырып кету» әдісімен айналысқан Түркістан облысының 23 жастағы тұрғыны ұсталды. Тексеру барысында оның Бозарық мөлтекауданындағы көшелердің бірінде шамамен 100 метр сайын қатарынан 6 дана алдын ала өткізуге дайындалып бөлшектелген синтетикалық есірткі орамаларын жасырғаны белгілі болды. Жалпы, 842 грамм есірткі тәркіленіп, күдікті қамауға алынды.

Осы орайда, Полиция департаменті қолданыстағы заңнамаға сәйкес, құрамында есірткі заттары бар, тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіргені үшін қылмыстық жауапкершілік, сонымен қатар есірткі құралдары мен жабайы өсетін сораның тізбесіне енгізілген өсімдіктерді жоюға шаралар қабылдамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.

Еске салайық, бұл іс-шара жыл сайын 1 маусым мен 31 қазан аралығында өткізіледі. Ол есірткі қылмыстарының, әсіресе есірткі құралдарын заңсыз тарату, өндіру және құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіру әрекеттерінің жолын кесуге бағытталған. Іс-шараға ІІМ-нің арнайы бөліністері мен әскери қызметшілер, тікұшақтар, өтімділігі жоғары автокөліктер, қызметтік-іздестіру иттері және заманауи техникалық құралдар тартылады. Биыл алғаш рет «Қарасора — 2025» іс-шарасы аясында құрамында есірткі бар өсімдіктердің шалғай жерлердегі ошақтарын анықтау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары мен ғарыштық мониторинг түсірілімдері белсенді қолданылады.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You