Шымкентке келген Сенат депутаттары жергілікті полиция қызметінің жұмысы тоқтайтынын жеткізді

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Шымкентке келді. Олар жергілікті халық қалаулылары мен қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті. Жиын барысында қоғамдағы түйткілді мәселелерге тоқталды. Оның ішінде, білім, құқық қорғау саласы, инфрақұрылым да бар. Сондай-ақ Сенат депутаттары жиынға қатысушылардың көкейкесті сұрақтарына жауап беріп, шешу жолдарымен бөлісті.

Сенат депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкенттік халық қалаулыларымен, Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті. Өз кезегінде сенаторлар қоғамдағы айтулы мәселелерді тілге тиек етті. Мәселен, бюджет, су, салық кодексіне енгізілген өзгерістерге тоқталды.

Сонымен қатар, Сенат отырсында талқыланған, мақұлданған заң жобаларымен таныстырды. Бұдан бөлек, құқыққорғау саласындағы кейбір олқылықтардың орнын толтыру үшін, жергілікті полиция қызметінің жұмысы тоқтайтынын жеткізді. Бұл 2016 жылы құрылған ЖПҚ өз тиімділігін іс жүзінде дәлелдей алмағанымен байланысты екен. ЖПҚ құрамында учаскелік инспекторлар, патрульдік, ювеналды, табиғатты қорғау полициясы және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелері болған. Алайда заң жобасын әзірлеушілердің айтуынша, бұл қызмет өзіне жүктелген негізгі міндеттерді, яғни, қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудің орнына, абаттандыру ережелерінің бұзылуын анықтау, құрылыс қалдықтарын шығару сынды екінші кезектегі жұмыстармен айналыса бастаған. Ішкі істер министрлігі жергілікті полиция қызметі мен әкімшілік полиция басқармасын қайта ұйымдастырып, олардың базасында екі жаңа басқарма – құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету басқармаларын құруды ұсынып отыр. 

Мұнан соң, жиынға қатысушылар көкейтесті сұрақтарын жолдап, шешімін табуға көмек сұрады. Мәселен, Қоғамдық кеңес мүшелері жекеменшік мектептегі кейбір жайсыз жайттарды баяндады. Яғни, білім ұясының мұғалімдері айлықты кеш алатын көрінеді.

Мұнан соң депутаттар халықты жеке қабылдап, мәселесін тыңдады. Солардың бірі — Халитовтар отбасы. Ағайындылардың айтуынша, үйлеріне белгісіз бір адамдар баса көктеп кіріп, тыныштығын алған. Тіпті, алтын бұйымдары қолды болған. Сөздеріне сенсек, күдікті азаматтар полиция қызметкерлері көрінеді. Бірақ, өздерінің құжаттарын көрсетіп, таныстырмаған. Осыған орай, жәбірленушілер бірнеше рет арыз түсірген. Алайда, құзырлы орган өкілдері жауапсыз қалдырды деп отыр.

«Біреуді іздеп жүрміз деді. Келіп балаларды қорқытып кетті. Жай киіммен жүр. 102 шақырдық. Фиксировать етті. Сосын басқа квартираға келген. Алдап кірген. Біреуді іздеп жүрміз деген. Алтындарды ұрлап кеткен.  Үш адреске бір адамның баруы… Бұл — бір мәселе. Түрлі үй емес, ағайындыларға. Бірнеше рет арызданады. Бұған департамент тарапынан ешқандай іс-әрекет болмады» — дейді арызданып келген азаматтар.

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары жиында және қабылдауда көтерілген мәселелерді жинақтап, алдағы уақытта шешімін табуға әрекет ететін жеткізді. Сондай-ақ, барынша қала халқының жағдайының жақсаруына ат салысуға уәде етті. Ал, кейбір жандармен жергілікті әкімдікке кіріп, мәселені бірге қарауға шешім қабылдады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You