
Полицияға Шымкент қаласының орталығында тұрғын үйлерге жақын орналасқан аллеяда бір топ адамның қоғамдық тәртіпті бұзып жатқаны туралы хабар түсті.
Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары оқиғаның мән-жайын анықтау барысында Атырау облысының тұрғыны қоғамдық орында былапыт сөйлеп, айналасындағыларға құрметсіздік танытып, қоғамдық тыныштықты бұзған. Ер адамға қатысты ұсақ бұзақылық үшін әкімшілік шара қолданылды, ол 15 тәулікке қамауға алынды.
Полицейлер қоғамдық тәртіпті бұзатын әрекет заң аясында жауапкершілікке әкелетінін еске салады.
Кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтірген жол белгісі ауыстырылды
Осы орайда заңбұзушылыққа қатысты бірер ақпарат ұсынсақ. Шымкент қаласына қарасты Абай ауданының прокуратурасы тарапынан жүк көліктеріне қызмет көрсетумен айналысатын (жөндеу, бөлшектер сату, жүктерді тасымалдау) «MARSTRANS COMPANY» ЖШС, «GOLD Aluminum» ЖШС және «Тир Парк «Томирис» ЖШС-ның өтінімдері негізінде аталған ұйымдардың үздіксіз жұмыс істеуі қалпына келтірілді.
«Шымкент-Самара» тасжолының Шымкент қаласына кіре берісінде орнатылған 3.4 (жүк көліктеріне тыйым салу) жол белгілері көрсетілген кәсіпкерлердің қызметіне кедергі келтіргені анықталды.
Прокурорлық қадағалау актісі негізінде жол белгілері Ақжарсай көшесінің қиылысына ауыстырылып, кәсіпкерлердің кедергісіз өз қызметін жалғастыруға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, заң бұзушылықтарға жол берген лауазымдық тұлға тәртіптік жауаптылыққа тартылды. Прокуратураның уақтылы ден қоюы нәтижесінде үш бизнес субъектісінің қызметін тоқтатуға жол берілмеді.
Интернет алаяқтық бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді
Шымкент ҚПД Әл-Фараби АПБ КПБ жедел уәкілі полиция аға лейтенанты Тұңғыш Қуаныш аудан аумағында орналасқан “Қырғы базарда” интернет алаяқтық бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Интернет желілеріндегі алаяқтықтың бір ерекшелігі — қылмыскерлер тек Қазақстан Республикасында ғана емес, оның аумағынан тыс жерлерде де болуы мүмкін, яғни қылмыстың бұл түрі халықаралық сипатта болады. Қазіргі уақытта халық арасында құқық қорғау органдары қызметкерлері атынан жасалатын интернет алаяқтық фактілер кеңінен орын алғанына тоқталып өтті. Сөз соңында Криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі интернет алаяқтардан сақ болудың қарапайым қауіпсіздік шараларына тоқталып, дербес деректерді, пластикалық карталардың мәліметтерін, кодтарды және құпия сөздерді ешкімге хабарламауға, белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы алдын ала төлем жүргізбеуге, күмәнді мәмілелер бойынша ақша аударымдарын жүзеге асырмауға, ұялы телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпауға, кез келген сілтеме бойынша өтпеуге, спам хабарламаларға сенбеуге шақырды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
