Шымкент жастар театрының қазынасына қол салғандар құрықталды  

Қаржы мониторингі агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті «Шымкент жастар театры» МКҚК директоры мен өзге де лауазымды тұлғаларға қатысты 136 миллион теңгеден астам көлеміндегі бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеуді аяқтады.

Мемлекеттік бюджеттен концерт өткізуге арналған жабдықтарды (соның ішінде дауыс зорайтқыштар, сабвуферлер, сахналық ферма, күшейткіштер, микрофондар және т.б.) сатып алуға 320 миллион теңге бөлінген. Алайда сатып алу талаптарын бұза отырып, лоттарды қолдан бөлшектеу арқылы 20-дан астам атау бойынша сатып алу электронды дүкен арқылы жүргізілген.

Электронды сауда алаңы арқылы жабдықты нақты жеткізбеген жалған жеке кәсіпкерлермен келісімшарттар жасалып, қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған. Күдіктілердің бірі қылмыстық жолмен алынған табысқа жалпы құны 48 миллион теңгені құрайтын автокөлік пен пәтер сатып алып, мүлікті жасыру мақсатында оларды сенімді адамдардың атына рәсімдеген.

Соттың санкциясымен аталған мүлікке тыйым салынды. Күдіктілер қамауға алынды.

 Алайда осыдан кейін аталған театр бұл іске қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Мәлімдемеге қарағанда, бұл іс бұрынғы «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымына қатысты. Бұл ұйым — Шымкент жастар театрының мәдениет үйінің құқықтық мұрагері.

«Аталған қылмыстық іс «Шымкент жастар театры» мекемесіне емес, қазіргі таңда таратылған бұрынғы «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымының қызметіне қатысты. «Шымкент жастар театры» бұл таратылған ұйымның құқықтық мұрагері және бұрын жасалған құқықбұзушылықтарға қатысы жоқ», – делінген Шымкент жастар театры мәлімдемесінде.

Шымкент жастары театры директорының орынбасары Сержан Құттыбайдың айтуынша, театр «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымының БИН-інде отыр.

«Театр 2024 жылдың тамыз айында ашылған. «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымының БИН-імен тіркелген. БИН-де отырғанымыз үшін істе «Шымкент жастар театры» деп қосылды. Іс театр дректорына емес, «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы» директорына қатысты қозғалған. Қылмыстың істің біздің театрға еш қатысы жоқ»,  – дейді Сержан Құттыбай.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You