
Шымкент қаласында өткен аптада тергеу органдарының өндірісінде 193 қылмыстық іс тіркеліп, оның 13-і сотқа жолданды. Ең жиі тіркелетін қылмыстардың қатарында алаяқтық – 38 іс, ұрлық – 27 іс, есірткі заттарының заңсыз айналымы – 12 іс, тонау – 10 іс және жол-көлік оқиғаларына байланысты 11 іс бар.
Алаяқтық қылмыстарының басым бөлігі интернет алаяқтық деректеріне байланысты (28 іс). Оның ішінде интернеттегі жалған тауар жарнамалары арқылы (13 дерек), инвестицияға қатысты жалған ұсыныстар (3 дерек), өздерін банк қызметкері, байланыс операторы немесе мемлекеттік орган өкілі ретінде таныстырып жасалатын қоңыраулар (11 дерек) және несие рәсімдеу арқылы (2 дерек) алаяқтық тәсілдері жиі кездеседі. Мәселен, өткен аптада «Г» есімді қала тұрғынына белгісіз адам қоңырау шалып, өзін банктің қауіпсіздік басқармасының қызметкері ретінде таныстырып, банк шотынан күмәнді несие рәсімделгенін айтып, қаражатты «қауіпсіз» шотқа аудару қажеттігін хабарлаған. Нәтижесінде жәбірленуші 3 700 000 теңгеден астам сомадағы қаражатын алаяқтың шотына аударған. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілу үстінде. Осындай интернет алаяқтық фактілері күн сайын тіркеліп отырғандықтан, қала тұрғындары мен қонақтарын сақ болуға шақырамыз: белгісіз адамдардан түскен күмәнді қоңыраулар кезінде жеке деректерін жария етпеуді және банк шоттарына қатысты ақпарат алу үшін ресми сенім телефондарына хабарласуды ұсынамыз.
Атап өтейік, Шымкент қаласында жыл басынан бері 300-ге жуық интернет-алаяқтық жайты тіркеліп, келтірілген шығын көлемі 900 миллион теңгені құраған.
Сонымен қатар, қалта ұрлықтары мен ұялы телефондарды ұрлау деректері де көбейіп отыр. 6 шілде күні мерекелік шара кезінде орталық саябақта белгісіз адам «С» есімді азаматтың баласының қолынан ұялы телефонды жасырын түрде жымқырып кеткен. Мұндай ұрлықтар, әсіресе, базарларда, қоғамдық көліктерде және мерекелік іс-шараларда жиі орын алатындықтан, тұрғындарға адам көп жиналатын жерлерде бағалы заттарын қалталарға салмауға және балалардың қолына ұстатпауға кеңес береміз. Сондай-ақ интернет желісіндегі есірткі заттарын жарнамалайтын парақшалардың қолжетімділігі жастарды заңсыз курьерлік қызметке және есірткі қолдануға итермелеп отыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
