
Шымкентте құмар ойынына бәс тіккен 50 мемлекеттік қызметші жұмыстан кетуі мүмкін. Қала прокуратурасының қадағалауымен жергілікті атқарушы орган қызметкерлеріне арнайы талдау жүргізілді. Нәтижесінде, құмар ойынының қызығына батқандар анықталды. Олар бір жылдың ішінде 400 миллион теңгеден астам қаржыны букмекерлік кеңсенің қазынасына құйған. Құмар ойынының жетегінде кеткендерді қандай жаза күтіп тұр деп ойлайсыз?
Мемлекеттік қызметшінің құмар ойынға бәс тігуі заң және этика тұрғысынан күрделі мәселе саналады. Бұл әрекет Қазақстан Республикасының заңнамасына және Мемлекеттік қызметшінің әдеп кодексіне қайшы. Осыған орай, 2024 жылы арнайы заң қабылданған болатын. Яғни, мемлекеттік қызметшілердің, оның ішінде онлайн форматта, құмар ойындары мен бәс тігуге қатысуы сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді бұзу болып танылатыны айтылған. Оған қарамастан, шымкенттік 50 қызметкер құмар ойынының қызығына түсіп кеткен.
«Қала прокуратурасы қадағалау ретімен жергілікті атқарушы органдарға сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнаманың талаптарына сәйкес талдау жұмыстарын жүргізді. Өздеріңізге белгілі, былтыр мемлекет басшысы 8 шілде 2024 жылы ойын саласындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға байланысты бірқатар заңдарға өзгеріс енгізді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заң талаптарына өзгеріс енгізілген. Жалпы, талдау барысында жергілікті атқарушы органның 161 қызметкері интернет желісі арқылы «Олимпбет» тотализаторына бәс тіккені анықталды. Оның ішінде 50 қызметкер заң қолданысқа енгеннен кейін 443 миллион теңге бәс тіккен», — дейді Шымкент қалалық прокуратурасының басқарма бастығының орынбасары Бегжан Құлатаев.
Ақшаны судай шашқан мемлекеттік қызметшілер онлайн салған 443 миллион теңгені екі еселеп қайтарып алмақ болған. Бұл әрекеттері үшін жауапқа тартылған шенеуніктер енді жұмыссыз қалуы да ғажап емес. Қазіргі таңда талдау нәтижесіне орай прокуратура қадағалау актісін енгізді. Олардың тәуекелге құрылған заңсыз әрекеті — комиссияның қарауында.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасына сәйкес, интернет желісінде құмар ойындарына бәс тіккені үшін келісімшартты бұзып, жұмыстан босату туралы келісімшартты бұзып, жұмыстан босату жазасы қарастырылған. Ондай, бұйрық құқықтық статистика органдарынада есепке алынып, қойылады, жаза қолданылады.
Жалпы, Шымкент қаласы бойынша 161 жергілікті атқарушы органның қызметкерлері 2024 жылдың қаңтар айынан бастап онлайн құмар ойынға 757 миллион теңге бәс тіккен. Бұл аз ақша емес, бірақ айлығы шайлығынан артылмайтын мемлекеттік қызметшілердің миллиондап салған ақшаны қайдан алғаны белгісіз.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
