Шымкенттік жолаушы «SKAT» әуе компаниясынан айыппұл мен моральдық зиян өндіріп алды

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты «SKAT» әуе компаниясы жолжүгін уақытылы жеткізбегені үшін компаниядан айыппұл өндіруді және моральдық зиянды өтеуді талап еткен азаматтың ісін қарады. Сот талап қоюшының айыппұлы мен моралдық зиянын ішінара өндіріп берді.

Шымкент қаласының тұрғыны «SKAT» әуе компаниясын жолжүгін 2 күн кешіктіріп жеткізгені үшін сотқа берді. Істі қалалық азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты қарады. Ол әуе компаниясынан 56 мың теңге айыппұл, 500 мың теңге моралдық зиян өндіріп беруді сұраған.

«Сотта анықталғандай, талап қоюшы Алматы қаласынан Фукок қаласына ұшып келгеннен кейін өзінің жолжүгін ала алмаған. Талап қоюшы әуе компаниясына арызданғаннан кейін жолжүгі табылып, талап қоюшыға екі күннен кейін жеткізілген», — деп хабарлайды Шымкент қалалық соты.

Оқиға 2024 жылдың 13 қарашасында болған. Алматы әуежайына жолжүгін алуға келген тұрғын мүлкінің жоқ екенін білген. Сол жерде әуе компаниясы жүктің жоқ екені туралы акт түзген. Кейіннен бұл жүктің әуе компанияның басқа рейсіне салынып кеткені белгілі болған. Қалалық азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты оған 28 064 теңге айыппұл өндіріп, екінші талабын қанағаттандырмаған. Бұған келіспеген ол апелляциялық шағым түсірген.

«Сот алқасы бірінші сатыдағы соттың шешімімен ішінара келіспей, шешімді өзгертті. Себебі «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес, моральдық зиянды өтеу көрсетілетін қызметтің кемшіліктері салдарынан келтірілген залалдарды өтеуге қарамастан жүзеге асырылады. Алқа осы мән-жайларды және заң талаптарын назарға алып, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертіп, талап қоюшының пайдасына жауапкер әуе компаниядан моральдық зиянды өндірді» — деп хабарлады Шымкент қалалық соты.

Сөйтіп, сот жолжүгін уақытылы жеткізбеген әуе компаниясынан тұрғынның есебіне жиынтығы 28 мың теңге айыппұл және 100 мың теңге моральдық шығын өндіріп берген. Қалалық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының бұл қаулысы заңды күшіне енген.

Еске салайық, «SCAT» (толық атауы «SCAT» әуекомпаниясы» АҚ) — орталық кеңсесі Шымкентте орналасқан әуекомпания. Қазақстан мен көршілес елдердің ірі қалаларына жолаушы әуерейстерін орындап тұрады. Негізгі базасы Шымкент әуежайында, ал қосымша хабтары Орал, Ақтау, Атырау, Астана, Қызылорда және Алматыда орналасқан.

Әуекомпания 1997 жылы құрылып, сол жылы алғашқы ұшуларын орындағын. Иелері — Владимир Иванович Денисов (53 %) және Владимир Андреевич Сытник (47 %). «SCAT» атауы — «Service Cargo Air Transport» деген сөз тіркесінің қысқашасы.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You