Шымкент қаласында еріктіліктің рөлі мен балалардың құқықтарын ілгерілетуге арналған шағын құрамда кездесу өтті

Бүгін Шымкент қаласындағы «Көрме орталығында» Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры – ЮНИСЕФ пен жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен «Еріктіліктің рөлі мен балалардың құқықтарын ілгерілетуге арналған» шағын құрамда кездесу өтті.

Кездесуге ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілінің орынбасары Летисия Баззи-Вейл, қала әкімінің уақытша міндетін атқарушы Айдын Кәрімов, білім беру және құқық қорғау саласының мамандары, сондай-ақ белсенді жастар мен еріктілер қатысты.

Кездесуді ұйымдастырудағы негізгі мақсат – жастар арасында еріктілік қызметін дамыту, балалардың құқықтарын қорғауға қоғам назарын аудару және оны шешуге жастарды да қатыстыру.

Кездесуде осы бағытта сөз алғандар аталған мәселелерді іске асыруда қалалық әкімдік тарапынан қолдау көрсетілуін ұсынды. Өз кезегінде сөз алған қала әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов ЮНИСЕФ ұйымының балалар мен жастардың құқығын қорғау бағытындағы маңызды рөлін атап өтіп, қалалық әкімдік тарапынан халықаралық ұйымдармен, оның ішінде ЮНИСЕФ-пен бірлескен жобаларға үнемі қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Сонымен бірге кездесуге қатысушы жастар да еріктілік қозғалысын кеңейту, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқықтарын сақтау бағытындағы ұсыныстарымен және идеяларымен бөлісті.

Ал ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілінің орынбасары Летисия Баззи-Вейл де «Балалар мен жастардың құқықтарын қорғау – біздің ортақ мақсатымыз. Шымкенттегі бұл кездесу – сол жолдағы сенімді қадам», – деді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, ТМД елдері волонтерлерінің форумын өткізуге арналған халықаралық ереже әзірленіп, ереже негізінде жыл сайынғы Волонтерлер форумы құрылды. Сонымен қатар, Қазақстан 2026 жылы өтетін Халықаралық волонтерлер жылына қызу дайындық үстінде. Жыл басынан бері еліміздің түрлі аймақтарында 10 мақсатты топтың кездесуі өтті. Екі қазақстандық волонтер халықаралық хатшылықтарға, Түркия мен Таиландқа жіберілді.

Құқықтық волонтерлік те дамып келеді. Бүгінде елімізде 3,5 мыңнан астам заңгер, адвокат, нотариус пен заң факультеттерінің студенттері халыққа тегін құқықтық көмек көрсетіп отыр. Жыл басынан бері 9 мыңнан астам азамат кеңес алған.

Волонтерлік қызмет «Qazvolunteer.kz» онлайн-платформасы арқылы үйлестіріледі. Қазір бұл платформада 3,7 мыңнан астам ұйым мен 1,2 мыңға жуық жоба тіркелген.

Қазақстанда волонтерлік бастамалар көбейіп келеді. Жақсылық жасауға ұмтылған, қоғамға пайдасын тигізуді мақсат еткен белсенді азаматтар да жыл санап артуда.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You