Шымкент қаласының полиция қызметкерлері үшін гарнизондық жиын өтті

Қазақстан Республикасы ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің тапсырмасына сәйкес, Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығының орынбасары Ұлықбек Мылтықовтың қатысуымен «Наурыз» алаңында арнайы гарнизондық қызметке тарату жиыны өтті. Департаменттің жеке құрамы мен аудандық басқарма басшылары және қызметкерлері белгіленген орынға жиналып, сап түзеді.

Мемлекеттік әнұранды шырқап, саптық байқаудың элементтерін бұлжытпай орындады. Гарнизондық қызметке тарату жиынына миллионды қала – Шымкенттің тәулік ішіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуші мыңға жуық полицей қатысты. Оның ішінде бес аудандық басқарма және оның басшылары, ЖПҚБ патрульдік полиция полкі, учаскелік полиция инспекторлары мен Күзет басқармасының, Ұлттық Ұланның және Жедел қимылдайтын арнайы жасақ пен кинологияның қызметкерлері бар. Ауқымы кең іс-шараға қызметтік автокөліктер де жұмылдырылды.

Саптық байқаудың әрбір элементін тиянақты орындай жүріп өткен тәртіп сақшылары өздерінің қызметтеріне даяр әрі қырағы екендіктерін көрсете білді. «Заң және тәртіп» қағидатына сәйкес, «Жасөспірім», «Қауіпсіз жол», «Таза Қазақстан» іс шаралары туралы жеткізді. 50-ге жуық ерікті қатысты. Қоғамдық тәртіпті қорғауда полицейлерге көмектесіп жүретін қоғамдық көмекшілер марапатталды. Гарнизондық қызметке тарату жиыны салтанатты саптық жүріспен аяқталды.

Осы тұста атап өтер тағы бір жайт, интернет-алаяқтарға қарсы полиция департаментінің қызметкерлері арнайы профилактикалық шараны қолға алды. Бұл мақсатта қала әкімдігінен егде жастағы тұрғындардың ресми тізімі алынып, қазіргі таңда полицейлер олардың үйлеріне барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Тәртіп сақшылары әр зейнеткермен жеке кездесіп, интернет немесе телефон арқылы жасалатын алаяқтық түрлері, олардың тәсілдері, сақтану жолдары туралы нақты мысалдар келтіре отырып түсіндіріп, қауіпсіздік ережелерін, яғни бейтаныс нөмірлерден түскен қоңырауларға сенбеу, жеке деректерді ешкімге жария етпеу жөнінде ақпарат береді.

Сондай-ақ, олар тұрғындарға өз байланыс нөмірлерін қалдырып, күмәнді жағдай орын алған кезде бірден хабарласуға болатынын ескертуде.

Атқарылған түсіндіру жұмыстары өз нәтижесін беріп жатыр. Мәселен, жақында бір зейнеткер күмән тудырған қоңырау алған бойда, оған түсіндіру жүргізген полицейге хабарласып, шотындағы қаражатын алаяқтардан сақтап қалды.

Атап өтейік, Шымкент қаласында жыл басынан бері 300-ге жуық интернет-алаяқтық жайты тіркеліп, келтірілген шығын көлемі 900 миллион теңгені құраған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You