Түркістан облысының саңлақтары әлем чемпионатынан жүлделі оралды

Грекияның Афина қаласында күрес түрлерінен өткен U-17 жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы сәтті өнер көрсетті.

Ел намысын қорғаған түркістандық еркін күрес шеберлері – 51 келі салмақтағы Әбдіқасым Данаел мен 60 келіде сынға түскен Асанбек Бекасыл әлемдік бәсекеде қола жүлдеге ие болды. Жас балуандарды Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров, спорт жанашырлары, жанкүйерлері мен туыстары сән-салтанатпен қарсы алып, құрмет көрсетті.

Асанбек Бекасыл – Төлеби ауданының тумасы. Қазіргі таңда Түркістан облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінде шеберлігін шыңдап жүр. Ал Әбдіқасым Данаел – Қазығұрт ауданының түлегі. Ол бүгінде Бекзат Саттарханов атындағы олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің шәкірті.

Жас спортшылардың бұл жетістігі – елімізде күрес спортының қарқынды дамып келе жатқанын дәлелдейтін жарқын көрсеткіш.

Сонымен қатар Грекияның Афина қаласында өткен U-17 жасөспірімдер арасындағы әйелдер күресінен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсеткен Түркістан облысының тумасы, Сауранның өрені Мадхия Усманова 57 келі салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алып, әлем чемпионы атанды. Бұл – Мадхияның халықаралық деңгейдегі ірі додалардағы алғашқы ірі жеңісі. Ол турнир барысында қарсыластарының барлығын айқын басымдықпен ұтып, шеберлігі мен табандылығының арқасында мықты екенін дәлелдеді.

Айбынды жетістігімен ел мерейін үстем еткен жеңімпаз спортшыны Түркістан халықаралық әуежайында сән-салтанатпен қарсы алу рәсімі өтті. Салтанатты шараға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров, Сауран ауданы әкімінің орынбасары Серік Садибаев, спорт жанкүйерлері, жаттықтырушылар мен БАҚ өкілдері қатысып, балуанға құрмет көрсетті.

Айта кетейік, Мадхияның спорттағы жетістіктерін тізбектесек, 2022 жылы 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында алтын жүлдеге ие болып, сол жылы Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды. 2024 жылы 17 жасқа дейінгі ҚР чемпионатында жеңімпаз атанып, Азия чемпионатында қайтадан қола медаль иеленді. 2025 жылы 17 жасқа дейінгі ҚР чемпионатында қатарынан үшінші рет чемпион атанып, Азия чемпионатында күміс жүлдені жеңіп алды. Бұл көрсеткіштер – оның табанды еңбегі мен жаттықтырушылар құрамының жүйелі жұмысының нәтижесі. Мадхия Усманова Түркістан облысында әйелдер күресінің даму деңгейін көрсететін жарқын мысалдардың бірі десек, қателеспейміз.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You