
Шымкент қаласында 4–14 тамыз аралығында «Таза қала» атты профилактикалық іс-шара өткізіліп жатыр. Іс-шараның мақсаты қала аумағында санитарлық тазалықты қамтамасыз ету, қоғамдық орындардағы тыныштықты сақтау және тұрғындар арасында жауапкершілік мәдениетін арттыру, сондай-ақ тұрғындардың экологиялық және құқықтық мәдениетін арттыру, қала аумағында абаттандыру қағидалары мен инфрақұрылым объектілерін бұзу, жасыл екпелерді жою және бүлдіру, күл қоқыс тастау жайттарын анықтау, қоғамдық орындар мен көшелерде тәртіпті сақтау болып табылады.
Рейдтік жұмыстар Шымкент қалалық полиция департаменті мен қала әкімдігі бірлесіп ұйымдастыруымен өткізілуде. Нәтижесінде, бірқатар азаматтар мен кәсіпкерлік нысандардың иелері санитариялық талаптарды сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, қоғамдық орындарда тыныштықты бұзған тұлғаларға да заң шеңберінде шара қолданылды. Шара аясында аулалар мен көшелерге, саябақтар мен скверлерге, жалпыға ортақ пайдаланылатын орындардың тазалығына ерекше мән берілуде.
Сондай-ақ, аталған іс-шараның барысында қайыршылар мен қаңғыбастықпен айналысатын адамдарды қабылдап-тарату орнына орналастыру, олар бойынша әкімшілік шаралар қолдану, есепте тұрған тұлғаларды мекенжайы бойынша тексеру, іздеуде жүрген тұлғаларды ұстау, автокөлік жөндеу орындары мен темір қабылдайтын орындарды тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, Шымкенттегі шағынаудандағы тұрғын үйлер тұрғындарына көшелеріне құрылыс материалдарын тастамау һәм тазалықты сақтау жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Әсіресе, жаз мезгілінде көп тұрғындар үйлеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізетіні белгілі. Соған орай ескі құрылыс қалдықтарын есік алдына тау қылып үйіп қояды. Көшелер мен жол бойлары ортақ пайдаланудағы жерлер болғандықтан, оны жалпымыз бірдей таза ұстау — басты міндетіміз. Сондықтан да тұрғындарға ескертпе жасалуда.
Мәселен, Еңбекші аудандық полиция басқармасымен жүргізілген рейдтік жұмыстар барысында бірқатар азаматтар мен кәсіпкерлік нысан иелері тазалық сақтау ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, қоғамдық орындарда шу шығарып, тыныштықты бұзған тұлғаларға да заң аясында шара қолданылды.
Тәртіп сақшылары тұрғындарды қала аумағында тазалық пен тәртіпті қатаң сақтауға, тұрмыстық қалдықтарды арнайы орындарға тастауға және көршілердің тыныштығын құрметтеуге, тазалық пен тәртіпті сақтауға шақырады.
P.S. Іс-шараның бірінші күнінде 807 құқық бұзушылық анықталып отыр. Жедел басқару орталығының бейнебақылау камерасы арқылы 29 құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде, абаттандыру қағидаларын бұзу бойынша — 417 жайт, ортақ пайдалану орындарын ластау бойынша — 71 жайт, белгіленбеген орында сауда жасау бойынша — 91 жайт. Қайыршылық жасап жүрген 81 адам анықталып, оларға қатысты әкімшілік хаттама толтырылған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
