
Енді рет-ретімен баяндайық. Бүгін Шымкент қаласында полицейлер кезекшілікте жүріп, көліктен шыққан өртті уақтылы сөндіріп, оқиғаның ауыр салдарының алдын алды. Оқиға Сайрам елдімекеніндегі орталық көшелердің бірінде орын алды.
Патрульдік полиция полкінің 3-рота инспекторлары – полиция аға лейтенанттары Бексұлтан Мұханұлы Өскенбай мен Нұрсұлтан Хамра қызметтік міндеттерін атқару барысында көліктің отқа оранғанын байқап, дереу көмек көрсетуге асыққан.
Полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын жедел бағалап, қызметтік автокөліктегі өрт сөндіргішті пайдалана отырып, алғашқы өрт сөндіру шараларын жүзеге асырды. Кейін жақын маңдағы көгалды суаруға арналған шлангіні қолданып, жалынды толықтай ауыздықтады. Өрт сөндіру қызметі келгенше өрт толықтай сөндірілген болатын.
Көлік жүргізушісі полиция қызметкерлерінің жедел әрі кәсіби әрекетіне шын жүректен алғысын білдіріп, олардың арқасында үлкен шығынның алдын алғанын атап өтті.
Айта кету керек, көлік құралдарында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтарды пайдалануға жол берілмейді. Сондай-ақ, аккумуляторды көлік ішінде зарядтамау, міндетті түрде жарамды өрт сөндіргіш құралын алып жүру қауіпсіздіктің басты талаптары саналады.
Шымкент қаласының полицейлері азаматтардың қауіпсіздігі үшін тәулік бойы қызмет атқаруды жалғастырады.
Сонымен қатар Шымкентте италиялық турист те полицейлерге алғыс білдірді. Әл-Фараби ауданы полиция басқармасының фронт-офисіне құқықтық сұрағымен қала қонағы – Италия азаматы Лука жүгінді. Полиция қызметкерлері шетелдік туристке қызықтырған сұрақтары бойынша толық түсіндірме жұмысын жүргізіп, пайдалы мобильді қосымшаны жүктеуге көмектесті және қолжетімді сервистер туралы қажетті ақпарат ұсынды.
Лука тәртіп сақшыларының көмегі мен жоғары деңгейде көрсеткен қызметі үшін шынайы алғысын білдіріп, Шымкентте өзін толық қауіпсіз сезінетінін атап өтті. Өз кезегінде полицейлер туристер әрқашан оларға кеңес пен қажетті көмек алу үшін жүгіне алатынын еске салды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
