Шымкент қаласында есірткі мен психотроптық заттардың заңсыз айналымы бойынша 168 адам сотталды

Есірткі қылмысы — қоғам болашағына төнген қауіп. Есірткі — адамдардың тағдырын талқандаумен қатар, тұтас ұрпақты құрдымға жетелейтін ең қауіпті құбылыстардың бірі.

Мәселен, тек 2025 жылғы бірінші жартыжылдықта Шымкент қаласында есірткі мен психотроптық заттардың заңсыз айналымы бойынша 168 адам сотталды. Өкінішке қарай, олардың басым бөлігі — 25 пен 40 жас аралығындағы азаматтар (60%).
Сондай-ақ жастар мен жасөспірімдер (17–25 жас) де бұл қылмысқа жиі тартылуда — олардың үлесі 25%-ды құрайды.
Алаңдаушылық тудырып отырған тағы бір жайт — синтетикалық есірткілердің әлеуметтік желілер арқылы таралуы. Жастар «жеңіл табыс» уәдесіне сеніп, «есірткі жасырушы» (закладчик) ретінде қылмысқа тартылады. Алайда мұндай әрекет үшін заңда 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Биыл осындай фактілер бойынша 31 адам сотталды.
Есірткі қылмысымен күрес — тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті дер едік.
Шымкент қалалық прокуратурасы бұл бағытта заңның қатаң талаптарын әділет қағидаларымен ұштастыра отырып, жүйелі жұмыс жүргізуде. Бұл ретте әрбір шығарылған үкім — қоғамға ескерту, әрбір ашылған қылмыс болашақ ұрпақты қорғауға жасалған нақты қадам екенін ұмытпаған жөн.

Ал Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері қаладағы көңіл көтеру және ойын-сауық орындарында есірткіні, психотроптық заттар мен сол тектестерді өткізу және тұтыну деректерін анықтау мақсатында үздіксіз арнайы профилактикалық және рейдтік тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Тексеру барысында полицейлер қызметкерлермен және келушілермен профилактикалық әңгімелер жүргізіп, сондай-ақ ғимараттар мен іргелес аумақтарды бақылап шығады.
Жұма және демалыс күндері полиция кешенді күштерінің мүмкіндігімен әрбір шулы орындардың, түнгі клубтардың алдында полиция қызметкерлері алдын ала құрылған мобильді топтар жұмыс істеуде.
Бүгінде полиция қызметкерлері ойын-сауық мекемелерінде және қауіпті аймақтың сәйкес келетін өзге де объектілерде есірткінің, психотроптық заттар мен сол тектестердің таралуына қарсы жүйелі іс-шараларды қабылдап жатыр. Мекеме иелерімен осыған ұқсас қылмыстарды болдырмау мақсатында өзара келіссөздер жүргізілу үстінде.
«Мұндай іс-шаралар есірткі қылмысының алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында тұрақты түрде өткізілетін болады», — дейді тәртіп сақшылары.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You