Шымкент қаласын прокуратурасының үйлестіруімен қымбат және екіқабатты үйлерден ұрлық жасаған қылмыскерлер құрықталды

Ағымдағы жылдың шілде айында Шымкент қаласы Абай ауданында аудан прокуратурасының үйлестіруімен Алаш, Достық, Ақниет шағынаудандарында қымбат және екіқабатты үйлерден ұрлық жасаған қылмыскерлер құрықталды. Бұл жөнінде бүгін Шымкент қаласының прокуратурасы мәлімдеді.
Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде тұрғын үйлерге ұрлық жасаған деген күдікпен алдын ала осы тектес қылмыстары үшін жауапты болған 5 тұлға анықталды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында олардың 7 көрініске қатыстылығы анықталып, бөтеннің мүлкін ірі мөлшерде ұрлауға қатыстылығы дәлелденді. Тергеу барысында күдіктілердің үйлерге заңсыз кіріп, ақшалай қаражатты, алтын бұйымдарды және тұрмыстық техникаларды ұрлағаны белгілі болды. Қылмыстық жолмен алынған ұрланған заттар тергеумен айғақ ретінде тәркіленіп алынды.
Қазіргі таңда барлық күдіктілер қамауға алынды. Оларға қатысты қылмыстық іс аяқталып, айыптау актілері жасалып, сотқа жолданды.
Бұл ретте Абай ауданының прокуратурасы мүліктік қылмыстармен күрес құқық қорғау органдары жұмысының басым бағыттарының бірі екенін еске салады және азаматтарды қырағы болуға, қандай да бір құқық бұзушылық туралы мәлімет болған жағдайда құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады.
Қырағылық демекші, орайы келгенде атап өтер маңызды мәселе, бүгінгі таңда интернет-дүкендер мен онлайн қызметтердің дамуына байланысты алаяқтар жаңа тәсілдерді ойлап табуда. Соңғы кезде кең тараған әдіс — жалған сәлемдеме хабарламалары.
Алаяқтар SMS жіберіп немесе қоңырау шалып, өздерін курьерлік қызмет өкілі ретінде таныстырады. «Мемлекеттік сыйлық», «ірі компанияның акциясы» деген сылтаумен сәлемдеменің жеткізу ақысын төлеуді сұрайды — сілтеме арқылы не банк шотына тікелей аударуды талап етеді.
Есте сақтаңыз: Мемлекеттік органдар мен ірі компаниялар курьер арқылы сыйлық таратпайды. Шынайы сыйлықтар үшін жеткізу ақысы алынбайды. Осындай күмәнді хабарлама алсаңыз, сілтемелерге өтпей, оларды дереу жойыңыз. Ақпаратты тексеру үшін компанияның ресми сайтына кіріңіз немесе 102 нөміріне хабарласыңыз. Сақтық — ең жақсы қорғаныс.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You