Шымкент қаласында биылғы бірінші жартыжылдықта аудиторлық іс-шаралар нәтижелері бойынша 34,1 миллиард теңгеге бұзушылықтар анықталды

2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Ішкі мемлекеттік аудит департаменті 46 аудиторлық іс-шара өткізіп, олардың нәтижелері бойынша 34,1 миллиард теңгеге бұзушылықтар анықталды. Оның ішінде қаржылық тәртіптің бұзылуы – 9,2 миллиард теңге, ал рәсімдік сипаттағы заңбұзушылықтар – 24,9 миллиард теңгені құрады. Мемлекеттік сатып алулар саласындағы кемшіліктер – 23,2 миллиард теңге болды. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Шымкент қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің 2025 жылдың І жартыжылдығы бойынша атқарылған жұмысы туралы» тақырыбында өткен баспасөз конференциясы барысында Шымкент қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысының орынбасары Нұржан Тілеуқабылұлы Сүлейменов мәлімдеді.

Өткізілген аудиттердің басым бөлігі – жоспардан тыс (37 іс-шара), тек 9 аудит қана алдын ала жоспарға сәйкес жүргізілген. 2024 жылдан ауыспалы үш нысан мен 2025 жылғы тізбеге енген алты нысан қамтылды. Барлық аудитпен қамтылған қаржы көлемі – 364,1 миллиард теңге, оның ішінде қаржылық есептілік аудиті – 315,8 миллиард теңге, сәйкестік аудиті – 48,3 миллиард теңге.

Анықталған 9,2 миллиард теңге қаржылық бұзушылықтың 93,8 миллион теңгесі бюджетке өтеуге, ал 9,06 миллиард теңгесі қалпына келтіруге жатады. Оның ішінде 5,7 миллиард теңге орындалмаған құрылыс жұмыстарына байланысты. Бухгалтерлік есепке алу жолымен қалпына келтірілген сома – 49,9 миллион теңге.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2025 жылдың алғашқы алты айында 8,2 миллиард теңге өтеліп, қалпына келтірілді, бұл анықталған қаржылық бұзушылықтардың 89,3%-ын құрайды.

Аудит қорытындылары бойынша:

  • 42 аудит нысанына бұзушылықтарды жою туралы нұсқама жіберілді;
  • 36 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды;
  • 7 аудит материалы құқық қорғау органдарына беріліп, 901,1 миллион теңге көлеміндегі заңбұзушылыққа процессуалдық шешім қабылданды;
  • 2 іс сотқа жолданып, жалпы 28,9 миллион теңге сомадағы талап қанағаттандырылды.

Сонымен қатар, 2024-2025 жылдардағы 9 аудит материалы бойынша сот шешімі заңды күшіне енген. Қосымша, есепті кезеңде 14 лауазымды тұлға 10,7 миллион теңге көлемінде әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бұл қаржы толық көлемде мемлекет бюджетіне өндірілді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You