
Шымкент қаласында бюджет қаржысының тиімді әрі мақсатты жұмсалуына бағытталған бақылау жұмыстары жалғасуда. 2025 жылдың басынан бері Ішкі мемлекеттік аудит департаменті «Онлайн бюджеттік мониторинг» жүйесі арқылы төрт әлеуметтік сала — білім, мәдениет, спорт және денсаулық сақтау бойынша жалақы төлеуге бағытталған қаражатты қатаң қадағалауға алды. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Шымкент қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің 2025 жылдың І жартыжылдығы бойынша атқарылған жұмысы туралы» тақырыбында өткен баспасөз конференциясы барысында Шымкент қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің жоспарлау, талдау, есептілік және сапаны бақылау бөлімінің басшысы Әлиасқар Әлібекұлы Барлыбаев мәлімдеді.
Ағымдағы кезеңде жалпы сомасы 353,2 миллион теңгеге күмәнді төлемдер қамтылып, олардың ең үлкен үлесі білім беру мекемелеріне тиесілі болды – 240,5 миллион теңге немесе 68%. Қалған бөлігі:
- Спорт мекемелері – 52,9 миллион теңге (15%);
- Мәдениет ұйымдары – 30,5 миллион теңге (9%);
- Денсаулық сақтау саласы – 29,1 миллион теңге (8%).
Төлемдерді бақылау нәтижесінде 411 жағдай тіркеліп, оның ішінде 163 хабарлама тиісті мекемелерге жолданды. Бұл бойынша да білім саласы көш бастап тұр – 254 жағдайдың 130-ында ескерту жасалған. Спорт саласы бойынша 13, мәдениет пен денсаулық сақтау бойынша әрқайсысында 10 хабарлама жіберілген.
Анықталған тәуекелдердің 93,6 миллион теңгесі негізсіз төлемдер ретінде расталды, бұл барлық күмәнді төлемдердің 27%-ын құрайды. Қабылданған шаралар нәтижесінде осы соманың 67,8 миллион теңгесі бюджетке қайтарылып, өтеу деңгейі 72,5% болды.
Сонымен қатар, қалған қаражатты өтеу бойынша 4 білім беру мекемесіне қатысты сот процестері жүріп жатыр.
Бұл шаралар Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті тарапынан әлеуметтік салаларда бюджет қаражатын заңсыз пайдалану тәуекелін төмендету және қаржылық тәртіпті күшейту мақсатында қолға алынған жүйелі бақылаудың бір бөлігі болып табылады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
