
Ауқымды спорттық шараның ашылуына Қазақстан Республикасының Бас прокуроры, Қазақстан спорттық ату федерациясының президенті Берік Асылов, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин қатысты.
Чемпионатта 27 елден келген 800-ден астам спортшы 700-ден аса медаль үшін бақ сынайды. Халықаралық беделді спорт ұйымдарының қатысуы турнирдің жоғары мәртебесін айқындап, Қазақстанға мұндай деңгейдегі жарыстарды абыроймен өткізе алатын ел ретінде сенім артатынын көрсетеді.
Қала әкімдігінің қолдауымен өткен жарысқа көптеген құрметті қонақтар жиналды. Олардың қатарында Халықаралық нысана көздеу федерациясының президенті Лучано Росси, нысана көздеуден Азия конфедерациясының басшысы шейх Салман Сабах әл-Салем ас-Сабах және өзге де беделді спорт ұйымдарының өкілдері бар. Бұл чемпионаттың маңыздылығын айқындап, Қазақстанның халықаралық беделін нығайта түседі.
Қала басшысы Ғабит Сыздықбеков жарыс қатысушыларын, жаттықтырушыларды және қонақтарды чемпионаттың ашылуымен құттықтап, ұйымдастырушыларға, спорт федерацияларына және турнирді өткізуге атсалысқан барлық жанға алғыс білдірді. «Ауқымды шараны қабылдау біз үшін, қала үшін тарихи сәт болып тұр. Спорт — татулық пен бірліктің символы ретінде елдер арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайта түсері сөзсіз. Спорт жақындастырады. Біздің спортшыларымыз үшін бұл — зор мүмкіндік», — деді ол.
Ал ҚР Бас прокуроры, ҚР Спорттық ату федерациясының президенті Берік Асылов өз кезегінде: «Бұл чемпионат – Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Азия құрлығы үшін маңызды оқиға. Біз спортшыларға жоғары деңгейде жағдай жасап, әділ әрі тартысты дода өткізуге дайынбыз. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін!», — деді.
Шымкент үшін мұндай беделді чемпионатты қабылдау – зор мәртебе ғана емес, сонымен бірге ату спортын дамытуға, бұқаралық спортты насихаттауға және Қазақстанның әлемдік аренадағы абыройын арттыруға қосылған үлес.
Айта кетейік, 16-30 тамыз аралығында “Shymkent Shooting Plaza” базасында 27 елден 800 спортшы “тапанша”, “мылтық”, “қозғалмалы нысана”, “стендтік ату”, “трап”, “скит” және “скит-микс” бойынша жарысады. Чемпионат аясында 700-ден астам медаль ойналады. Сондай-ақ жарыс екі олимпиадалық спорт түрі бойынша өтеді: нысана көздеу және стенд ату.
Жарыстың мақсаты — атқыштар спортын насихаттау, спортшылардың шеберлігін арттыру, рейтингісін анықтау және жаттықтырушылар мен төрешілердің кәсіби біліктілігін арттыру.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
