Сәрсенбілік брифинг: Шымкентте Конституция күніне орай бір реттік әлеуметтік көмек төленіп жатыр

Бұл жөнінде бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек айтып өтті.

30 тамыз – ҚР Конституциясы күніне орай Шымкент қаласында әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға бір реттік әлеуметтік көмек төленуде. Бұл бастама Шымкент қаласы мәслихатының 2024 жылғы 19 наурыздағы №14/123-VIII шешімімен бекітілген «Шымкент қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидасына» сәйкес жүзеге асырылып жатыр.

Аталған шешімге сай, мүгедектігі бар балаларға 5 айлық есептік көрсеткіш (19 660 теңге), ал жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 20 айлық есептік көрсеткіш (78 640 теңге) көлемінде төлем қарастырылған. Бұл мақсатта «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шымкент қалалық филиалы ұсынған 8 323 мүгедектігі бар балаға және Білім басқармасы жолдаған 673 жетім балаға төлем жүргізілу үстінде.

Әлеуметтік қолдаудың бұл түрі қалада бұрыннан дәстүрлі түрде жалғасын тауып келеді. Мәселен, өткен жылы Наурыз мерекесі қарсаңында осындай төлемдер берілсе, ағымдағы жылы ҚР Конституциясы күніне орай ұйымдастырылды.

Айта кету керек, төлемді алу үшін ата-аналарға немесе қамқоршыларға арнайы өтініш берудің қажеті жоқ. Барлық төлемдер автоматты түрде, мемлекеттік ақпараттық жүйе арқылы аударылады. Мүгедектігі бар балаларға арналған қаражат олардың аналарының әлеуметтік есепшоттарына түссе, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тиесілі қаражат заңды қамқоршысының атына аударылады.

Сонымен қатар, тіркеу мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Егер азаматтың мемлекеттік база бойынша тіркеуі Шымкент қаласында болмаса, онда жергілікті бюджеттен берілетін осындай төлемнен қағылуы мүмкін.

Айта кетерлігі, Шымкент қаласына қоныс аударған немесе уақытша тіркеуін басқа қалаға не өңірге ауыстырған тұрғындар егер мемлекеттік зейнетақы төлемдері базасындағы тіркеуі қала аумағында болмаса, жергілікті бюджеттен берілетін бір реттік төлемнен қағылып қалады. Сондықтан қалаға қоныс аударған 18 жасқа дейінгі ерекше баласы бар азаматтарға мемлекеттік зейнетақы төлемдеріндегі тіркеудің Шымкент қаласына ауыстырылғанын тексеріп алу ұсынылады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You