Шымкент қаласы прокуратурасының бастамасымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды және қала тұрғындарымен ашық кездесу өтті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялануына орай және «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында Шымкент қаласы прокуратурасының ұсынысымен және «AMANAT» партиясы «Жастар рухы» жастар қанатының бастамасымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бүгін іс-шара Абай ауданындағы Дендросаябақта өтті.

Жәрмеңкенің негізгі мақсаты – тұрғындарға жұмыспен қамтудың мемлекеттік белсенді шаралары жөнінде кеңінен ақпарат беру, сондай-ақ жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасында тікелей байланыс орнату, алимент өндіру және жұмыссыз борышкерлер мен пробациялық есепте тұрған тұлғаларды жұмысқа орналастыру мәселелерін түсіндіру. Іс-шарада мемлекеттік бағдарламалар таныстырылып, түрлі саладағы 20-ға жуық мекеме жүздеген бос жұмыс орнын ұсынды. Сонымен бірге өңіраралық қоныс аудару бағдарламасы түсіндіріліп, Павлодар облысынан келген делегаттар сол өңірдегі бос жұмыс орындарын таныстырды.

Жәрмеңке қорытындысында 80-нен астам азаматқа ақпараттық буклеттер таратылды. 38 тұрғынға «Enbek.kz» электронды еңбек биржасы орнатылып, онлайн оқу мен тіркелу жолдары көрсетілді. 40-тан астам азамат жұмыс іздеуші ретінде тіркеліп, олардың 36-сы тұрақты жұмысқа орналасты. Сондай-ақ 7 азамат жастар практикасына, 4 азамат қоғамдық жұмысқа жолданды, 14 азамат қысқа мерзімді оқуға жіберілді.

Жұмыспен қамтудың белсенді шаралары жөніндегі ақпараттар әлеуметтік желілер арқылы да тұрақты түрде насихатталуда. Аталған іс-шара бекітілген кестеге сәйкес айына екі рет өткізілетінін еске саламыз.

Бұдан бөлек бүгін Шымкент қаласы прокуратурасының ұйымдастыруымен «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында, Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдық мерекесі қарсаңында «Firkan City» сауда ойын-сауық орталығының ғимаратында қала тұрғындарымен ашық кездесу өтті.

Құзырлы органдардың жеке қабылдауына 100-ге жуық тұрғын әлеуметтік инфрақұрылым, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, абаттандыру, жол жөндеу, қоғамдық көлік және денсаулық сақтау салаларына қатысты өзекті мәселелерін көтеріп, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Азаматтардың талап-тілектері мұқият тыңдалып, бірқатары өз шешімін тауып, құқықтық түсіндірме берілді.
Қала прокуратурасымен қажетті уәкілетті органдардың қатысуымен қала тұрғындарының осыған мағыналас көшпелі қоғамдық қабылдаулары бекітілген кестеге сәйкес ұйымдастырылуда.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You