«Қарасора-2025»: Шымкентте полиция екі есірткі өткізушіден ірі көлемде есірткі заттарын тәркіледі

Шымкент қалалық полиция департаментінің қызметкерлері 19 тамызда жедел іс-шаралар жүргізу барысында өз автокөлігінде есірткі заттарын тасымалдаған ер адамды ұстады.

Күдіктінің көлігінің жүксалғышынан жалпы салмағы 14 келіден асатын «кептірілмеген марихуана» есірткі заты табылды.

Сондай-ақ, 15 тамызда синтетикалық есірткі заттарының заңсыз айналымын әшкерелеуге бағытталған жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде жергілікті тұрғын ұсталды. Тексеру кезінде оның тұрғылықты мекенжайынан жалпы салмағы 400 грамнан асатын психотроптық заттар анықталып, тәркіленді.

Аталған жайттар бойынша қылмыстық істер қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды.

Есірткі демекші, мегаполисте «Stop: Есірткіге жол жоқ!» акциясы аясында Полиция департаментімен бірлесіп, қала аумағындағы есірткі жарнамалары өшірілді. Іс-шараға ерікті жастар қатысып, зиянды жазбалар жойылды. Акция салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.

Тағы бір атап өтер мәселе, Шымкентте полиция заңдағы жаңа норма туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Нақтырақ айтсақ, «Заң және тәртіп» қағидаты аясында Шымкент қаласы полиция департаменті ЖПҚБ учаскелік инспекторлары «Көршілер бақылауы» ПИК және тұрғындармен кездесу өткізді.

Онда полицейлер түрлі қылмыс мен құқық бұзушылықтардың, оның ішінде ұрлықтың алдын алу, тосқауыл қою мақсатындағы «Көршілер бақылауы» бағдарламасын енгізудің тәртібі мен тиімділігін түсіндірді.

Олар көпқабатты үй тұрғындары өз аулаларына сырттан келген сезікті жандар, өздері куә болған күмән туғызатын жағдайлар жайлы полицияға жедел хабарласа, дереу шаралар қабылданып, ұрлық та, түрлі қылмыс та азаятынын айтты.
Сондай-ақ, 12 шілдеден бастап қоғамдық орындарда адамның түр-сипатын тануға кедергі келтіретін киімдерге тыйым салатын заңнама нормасы күшіне енді. Полиция бұл өзгерістер жөнінде тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Шектеу адамның бет-жүзін толықтай жауып тұратын киімдерге – мысалы, никаб пен бетпердеге қатысты. Ал хиджаб, химар, шейла сияқты бет ашық қалатын киімдерге бұл талап жүрмейді. Түсіндіру жұмыстары алда да жалғасады.

Бұдан бөлек Шымкент қаласы аумағында өткізіліп жатқан «Самокат» жедел профилактикалық іс-шарасы барысында қала тұрғындарының арасында бірқатар құқықбұзушылықтар анықталды. Іс-шараның негізгі мақсаты – электрлі самокат, велосипед құралдарын, оның ішінде самокаттар және велосипедттерді пайдаланушылар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу, жол қозғалысы ережелерін сақтау деңгейін арттыру және қала көшелерінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып табылады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You