
Қазіргі таңда Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы тарапынан заңсыз құрылыс нысандарымен күрес жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мәселен соңғы бір апта көлемінде қала аумағында заңсыз құрылыс нысандары бойынша басқарма тарапынан 48 хаттама толтырылып, 15 нысанға айыппұл салынды.
Еңбекші ауданында орналасқан заңсыз салынған нысан анықталды. Аталған жер телімінің нысаналы мақсаты тұрғын үй үшін берілген, алайда меншік иесі екі қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатын азық-түлік дүкені ретінде пайдаланған. Тексеру нәтижесінде меншік иесі құрылыс жүргізу барысында Қазақстан Республикасы «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңының талаптарын сақтамағаны (жобалау құжаттамасынсыз, авторлық және техникалық қадағалаусыз) сондай-ақ тұрғын үйге реконструкция жұмыстары жүргізгені анықталды. Нәтижесінде меншік иесіне 800 мың теңгеден астам айыппұл салынды.
Осы ретте қала тұрғындарына кез келген ғимараттың құрылысын бастар алдын қолданыстағы заң талаптары мен құрылыс нормаларын қатаң сақтау қажеттігін ескертеміз! Талаптардың орындалмауы ірі көлемде айыппұл салуға, нысанды мәжбүрлеп бұзуға себеп болуы мүмкін.
Тұрғындар демекші, бүгін Шымкент қаласы прокуратурасының ұйымдастыруымен «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдық мерекесі қарсаңында «№2 Халыққа қызмет көрсету орталығының» ғимаратында, қала тұрғындарымен ашық кездесу өтті. Құқық қорғау және мемлекеттік органдардың жеке қабылдауына 150 жуық тұрғын әлеуметтік, коммуналдық жол жөндеу, қоғамдық көлік және денсаулық сақтау салаларына және қылмыстық істер бойынша өзекті мәселелерін көтеріп, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Қала прокуратурасы тарапынан уәкілетті органдардың қатысуымен тұрғындардың осындай көшпелі қоғамдық қабылдаулары бекітілген кестеге сәйкес ұйымдастырылуда. Келесі іс-шара ағымдағы жылдың 27 тамызында Достық шағынауданындағы Арнайы халыққа қызмет көрсету орталығының ғимаратында өткізіледі.
Бұдан бөлек бүгін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасының аумағында уақытша тұруға рұқсат беру, мемлекеттік қызмет түрін көрсету барысының сапасын арттыру бойынша «дөңгелек үстел» болып өтті.
«Дөңгелек үстел» жұмысына Шымкент қалалық Полиция департаментінің Көші-қон қызметі басқармасы, АПБ Көші-қон қызметі бөлімдерінің шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға уақытша тұруға рұқсат (УТР) беруге жауапты инспекторлары, сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Халыққа қызмет көрсету орталығының (ХҚКО) жауапты мамандары қатысты.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
