
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша прокуратура органдары инвесторлардың құқықтарын жүйелі және тиімді қорғауға, маңызды жобалардың іске асырылуын барлық кезеңдерде сүйемелдеуге бағытталған.
Осы жұмыс аясында Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының прокуроры мақта, аралас және тігін маталар өндірісі бойынша инвестициялық жобаны іске асырып жатқан «Шабитекс» ЖШС ұжымымен жұмыс кездесу өткізді. Кәсіпорындағы инвестициялардың жалпы көлемі 1,9 миллиард теңгеден асады, бас-аяғы 120 жаңа жұмыс орнын құру көзделген.
Кездесу барысында инвестормен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс комитеті тарапынан бұрын жеткізілген өнім үшін берешегі туралы проблемалық мәселе айтылды. 160 миллион теңге мөлшеріндегі берешек салықтық бересінің пайда болуына және кәсіпорын қызметінің тұрақтылығына қауіп төнуіне әкелді. Қала прокуратурасының араласуынан кейін Комитет берешекті толық көлемде өтеді.
Түскен қаражат кәсіпорынға салықтық міндеттемелерін уақтылы өтеуге және жоспарлы режимде жұмысын жалғастыруға мүмкіндік берді.
Осы ретте прокурорлар: «Бизнес субъектілері өзекті мәселелер туындаған жағдайда кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі байланыс орталығының +77076150010 нөміріне немесе Фронт-офиске (Шымкент қаласы, Ерімбетов көшесі, 304 г, «Заңғар» бизнес орталығының ғимараты) хабарласа алады», — деп құлаққағыс жасады.
Сонымен қатар бүгін Тұран ауданы прокуратурасының ұйымдастыруымен «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында, Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдық мерекесі қарсаңында ауданның шалғай жерінде орналасқан Жаңаталап шағынауданындағы «Мәдениет үйі» ғимаратында тұрғындармен ашық кездесу өтті.
Құзырлы органдардың жеке қабылдауына 50-ге жуық тұрғын жер, экология, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, абаттандыру, жол жөндеу, қоғамдық көлік және денсаулық сақтау салаларына қатысты өзекті мәселелерін көтеріп, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Азаматтардың талап-тілектері мұқият тыңдалып, бірқатары өз шешімін тауып құқықтық түсіндірме берілді.
Алдағы уақытта аудан прокуратурасының үйлестіруімен уәкілетті органдардың қатыстыру арқылы ауданның басқа да елді мекеннің тұрғындарын осыған мағыналас көшпелі қоғамдық қабылдаулары ұйымдастыру жоспарланған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
