Түркістандық боксшылар Азия чемпионатынан 3 медальмен оралды

Тайландта өткен бокстан 22 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатында түркістандық боксшылар табысты өнер көрсетті. 60 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Нұрислам Қалдыбаев қарсыластарына дес бермей, жеңіс тұғырының ең биігінен көрініп, екі дүркін Азия чемпионы атанды.

Қыздар арасында 75 келіге дейінгі салмақта Шұғыла Нәлібаева күміс медаль иеленсе, 51 келі салмақ дәрежесінде Айым Танкибаева қола жүлдеге қол жеткізді.

Айта кетейік, өңір мақтанышы Нұрислам Қалдыбаев Түркістан облыстық жоғары шеберлер спорт мектебінің шәкірті болса, Шұғыла Нәлібай да аталған спорт мектебінде шеберлігін шыңдап, бұл күндері «Түркістан кәсіпқой бокс клубының» сапында түрлі жарыстарда жүлде салып жүр.

Жасөспірімдер арасында үстел теннисінен турнир басталды

Осы ретте спортқа қатысты жаңалықтармен бөлісе кеткенді жөн көріп отырмыз. «Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру» аясында және Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған «Спорт күні» кәсіби мерекесі қарсаңында, жасөспірімдер арасындағы үстел теннисінен «AMANAT CUP-2025» облыстық ашық турнирі басталды.

Жарыс 12–15 тамыз күндері Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде өтеді. Турнирде өңірдің үздік жас спортшылары бақ сынауда.

Ашылу салтанатында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының міндетін уақытша атқарушы Қалыйма Жантөреқызы Жантөреева, Түркістан облысы мәслихатының депутаты Сүлеймен Тұрсынбайұлы, Түркістан қаласы мәслихатының төрағасы Ғаппар Амантайұлы, Түркістан қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев және «Жастар рухы» жастар қанаты Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жансерік Бауыржанұлы құттықтау сөз сөйледі.

Төрт күнге созылатын тартысты турнир спортшылардың шеберлігін шыңдап, бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер 15 тамыз күні салтанатты түрде марапатталады.

Баскетболдан ашық біріншілік басталды

Бүгін Балуан Шолақ спорт кешенінде «Абайдың 180 жылдығына» арналған 3х3 баскетболдан U-12, U-14, U-16 жас санаттары бойынша ұлдар мен қыздар командалары арасында қаланың ашық біріншілік басталды.

Жарысқа Алматы, Шымкент, Тараз, Атырау, Ақсу, Кентау, Қонаев қалаларынан және Қырғызстан мен Өзбекстаннан командалар келіп қатысуда.

Біріншіліктің мақсаты – жас спортшылардың шеберлігін шыңдау, достық қарым-қатынасты нығайту және дарынды ойыншыларды анықтау.

Ашылу салтанатында Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев және қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Амантайұлы сөз сөйлеп, турнирге қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жарыс бірнеше жас санатында өтті және жеңімпаздарға арнайы марапаттар табысталды.

Түркістандықтар ақтық сынға өтті

Киелі Түркістан төрінде 4–8 тамыз күндері өткен футболдан әуесқой командалар арасындағы Түркістан облысы чемпионатының С тобының аймақтық іріктеу бәсекесі нағыз тартысқа толы өтті.

Шаршы алаңда жанкүйер демін ішіне тартқан сәттер аз болмады. Әр ойында намыс пен жігер тоғысып, әр гол – жеңіске бір қадам жақындатқандай сезілді.

Осы додада Түркістан қаласының құрамасы өз шеберлігін, бірлігін, рухын дәлелдеп, топ жарып шықты. Жерлестеріміз лайықты жеңісіне қол жеткізіп, ақтық сынға жолдама алды.

Бұл жеңіс – тек спорттық нәтиже ғана емес, туған қаланың абыройын асқақтатқан мақтаныш!

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You