Ордабасы ауданында қаржылық қауіпсіздік бойынша республикалық диктантты өткізу мәселесі талқыланды

Loading

Ордабасы ауданында аудан әкімінің орынбасары Илияс Тұрнияздың төрағалығымен қаржылық қауіпсіздік бойынша республикалық диктантты іске асыру барысына арналған жиын өтті.

Кеңестің жұмысына аудан әкімі аппаратының басшысы, бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдері қатысты. Жиында қаржылық сауаттылықты арттыру және халық арасында қаржылық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған республикалық диктантты ұйымдастыру мен өткізу мәселелері талқыланды.

Аудан әкімінің орынбасары Илияс Тұрнияз өз сөзінде диктанттың маңыздылығына тоқталып, тұрғындардың қаржылық сауаттылығы мен қауіпсіздігі қоғам тұрақтылығының негізгі кепілі екенін атап өтті. Сондай-ақ, жауапты бөлім басшыларына және ауыл әкімдеріне белгіленген жоспарды сапалы орындау жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Қазіргі таңда аудан көлемінде студенттер мен мұғалімдер, зейнеткерлер мен мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкерлер мен шаруалар, сондай-ақ басқа да тұрғындар диктантқа белсенді қатысуда.

Ордабасы ауданы бойынша белгіленген меже — 61 383 адамды қамту. Осы жоспарды толық орындау мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындарды кеңінен қамту бағытында нақты іс-шаралар атқарылу үстінде. Іс-шараның түпкі мақсаты — тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру арқылы олардың жеке және қоғамдық экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Диктант демекші, «Қазақ тілі – ғылым мен технология тілі» атты республикалық конференция аясында еліміз бойынша маңызды тілдік акция – «Ұлттық диктант – 2025» бастау алды. Іс-шараның басты мақсаты – қазақ тілінің мәртебесін көтеру, сауатты жазу дағдысын жетілдіру және тілді ұлттық бірегейліктің ажырамас бөлігі ретінде насихаттау. Жалпыұлттық деңгейде ұйымдастырылған бұл акция Халықаралық қазақ тілі қоғамы мен «Тіл-Қазына» ұлттық орталығының бірлескен жобасы ретінде өткізілді.

Ордабасы аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ ұжымы да игі бастамадан тыс қалған жоқ. Аталған орталық аудан көлемінде ауыл округі әкімдері мен мемлекеттік қызметкерлер арасында диктант ұйымдастырып, олардың белсенді қатысуымен мемлекеттік тілге деген ықыласты арттыруға өз үлесін қосты.

Биылғы диктанттың мәтіні ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 1913 жылы «Қазақ» газетінде жарық көрген «Оқу жайы» мақаласынан алынды.

Бұл жалпыұлттық акция азаматтардың тіл мәдениетін дамытып, сауатты жазуға баулуға, сондай-ақ мемлекеттік тілге деген сүйіспеншілікті нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You